Мәскеудегі парад: биыл Путиннің қасынан кімдер табылады

Ulysmedia
2025 жылғы парад. Фото: Ақорда

Кремль Жеңіс парадына қатысатын шетелдік қонақтардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТІЗІМДЕ КІМДЕР БАР?

Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына шақырылған шетелдік көшбасшылар мен жоғары лауазымды қонақтардың тізімінде Бадра Гунба, Александр Лукашенко, Роберт Фицо және өзге де ресми тұлғалар бар.

Сондай-ақ, Лаос, Малайзия өкілдері келеді деп күтіліп отыр.

ТОҚАЕВ БАРМАЙ МА?

Жарияланған тізімде Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі жоқ. Орталық Азия елдерінің өзге көшбасшылары да тізімге енбеген.

Бұған дейін Ресей басылымдары Тоқаевтың 9 мамырдағы шараларға қатысуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Сондықтан шақырылған қонақтар тізімі әлі де толықтырылуы ықтимал.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан. 2025 жылы ол Владимир Путиннің шақыруымен Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысу үшін Ресейге барған.

Мемлекет басшысы 2023 жылы да Қызыл алаңындағы парадқа қатысқан еді.

ПАШИНЯН БАС ТАРТТЫ

Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян мерекеге орай Мәскеуде өтетін шараларға барудан бас тартты. Пашинянның айтуынша, ол бұл шешімі туралы Путинге 1 сәуірде Ресейге барған сапары кезінде ескерткен.

Премьер-министр Армениядағы парламент сайлауы алдындағы науқанға өзі тікелей қатысу қажеттігін сылтауратқан. Елдегі Ұлттық жиналыс сайлауы 7 маусымға белгіленген. Дауыс беру қорытындысы бойынша Арменияның жаңа премьер-министрі анықталады.

Пашинянның Мәскеуге барудан бас тартуы Армения мен Еуроодақ арасындағы алғашқы саммиттен бірнеше күн өткен соң жарияланды.

Саммитке қатысу үшін Владимир Зеленский де Ереванға барған еді.

Кездесу барысында қауіпсіздік, энергетика, көлік, цифрландыру және Ереван мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған.

Пашинян Арменияның Еуроодаққа мүше болғысы келетінін де айтты. Оның сөзінше, ел билігі қазірдің өзінде қажетті талаптарды орындау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.