×
463.41
546.27
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.41
546.27
6.18

«Қағаз жүзіндегі жоба»: өңірлік кадр резервіндегілер жүйеден неге шет қалды?

Бүгін, 14:34
«Қағаз жүзіндегі жоба»: өңірлік кадр резервіндегілер жүйеден неге шет қалды?
Коллаж AI / Ulysmedia

Екі жыл бұрын «елдің болашақ басқарушылары» ретінде іріктелген жастар бүгінде өздерін жүйеге қажетсіз сезінеді. Өңірлік кадр резервіне өткен мамандардың айтуынша, әкімдіктер оларды нақты жұмысқа тартуға асығар емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанда талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін құрылған кадрлық резерв жүйесіне қатысты сын көбейіп келеді. Соның бірі – Астана қаласының өңірлік кадр резервінде тұрған Ернар Серіктің пікірі. Оның айтуынша, резервке іріктелген көптеген маман екі жылға жуық уақыт өтсе де нақты жұмысқа тартылмаған.

Ернар Серік әлеуметтік желідегі жазбасында өңірлік резервтің қазіргі форматы қағаз жүзіндегі жобаға айналып кеткенін ашық жазды. Оның сөзінше, резервке өткеннен кейін жүйелі жұмыс та, әкімдік тарапынан байланыс та болмаған.

РЕЗЕРВКЕ ӨТКЕНМЕН, ЖҮЙЕГЕ КІРУ ҚИЫН

Ернардың айтуынша, өңірлік резервте жүрген мамандармен әкімдік немесе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменттері нақты жұмыс жүргізбейді. Кездесу, тәжірибелік тапсырма немесе өңірлік жобаларға қатыстыру секілді механизмдер іс жүзінде байқалмайды.

«Барлық жұмыс “резервист картасын” толтырумен және бос орындар тізімін жіберумен шектеледі», – дейді ол.

Ернар Серік өзі екі рет өңірлік бос орындарға өтініш бергенін айтады. Бір жағдайда оған ішкі конкурс бірінші кезекте өтетіні ескертілсе, екінші жағдайда мүлде жауап берілмеген.

Бұл мәселе мемлекеттік қызметтегі негізгі түйткілдердің барын көрсетті. Яғни резерв болғанымен, жүйе көбіне ішкі кадрлық ротацияға сүйенеді. Ал сырттан келген, тіпті арнайы резервке енген мамандардың өзі нақты лауазымдарға жете алмайды.

«СЫРТТАН КЕЛГЕН» РЕЗЕРВ МҮШЕЛЕРІНЕ СЕНІМ АЗ 

Ернар Серіктің айтуынша, өңірлік резервтен гөрі «ықпалды ортаға» кіру әлдеқайда тиімді механизмге айналған.

– Сырттан келген кандидаттар, тіпті резервте тұрған күннің өзінде, іріктеуге толық қатыса алмайды. Оларды тек іштен адам табылмаған жағдайда ғана қарастырады. Ал ондай жағдай іс жүзінде өте сирек болады. Бұл жерде Президенттік жастар кадр резервімен салыстыру да маңызды. Республикалық деңгейде кем дегенде белгілі бір сүйемелдеу жүйесі бар. Ал өңірлерде ондай механизм мүлде жоқ. Резервке өткеннен кейін сен іс жүзінде өз күніңді өзің көресің,– дейді ол. 

Сонымен қатар ол тағы бір маңызды проблемаға назар аударады. Айтуынша, өңірлік резерв арқылы ұсынылатын кейбір лауазымдардың айлығы 250-300 мың теңге шамасында. Ал жеке секторда немесе квазимемлекеттік компанияларда жұмыс істейтін мамандар үшін бұл табыстың бірнеше есе төмендеу болуы мүмкін.

Сондықтан білікті кадрларды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі тек резерв құрумен шешілмейді. Оларға бәсекелі еңбек шарттары мен нақты мансаптық мүмкіндік те қажет.

ШЫНАЙЫ НӘТИЖЕ БӨЛЕК 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз есептерінде резервтен тағайындалғандардың үлесі жоғары екенін жиі айтады. Алайда Ернар Серіктің пікірінше, бұл көрсеткіштердің басым бөлігі - жүйе ішіндегі ауыс-түйістер.

– Яғни жаңа адамдарды тартудан гөрі, бұрыннан мемлекеттік қызметте жүрген кадрлардың орын алмастыруы көбірек байқалады,– дейді Ернар Серік. 

Бұл жағдай өңірлік кадр резервінің негізгі мақсатына қатысты сұрақ туғызады. Егер резервке енген мамандар нақты шешім қабылдайтын процестерге қатыспаса, онда мұндай жүйенің тиімділігі қандай?

 

Серіктес жаңалықтары