×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

7 миллион теңге: Солтүстікке көшуге қандай қолдау бар

Бүгін, 13:53
7 миллион теңге: Солтүстікке көшуге қандай қолдау бар
коллаж AI / Ulysmedia

Еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына биыл 400-ден астам отбасы қоныс аударды. Мемлекет көшіп келген азаматтарға жұмыс ұсынып, баспана алуға 7 миллион теңгеден астам сертификат пен әлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЙ ӨҢІРДЕН КӨШІП КЕЛГЕН?

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы-на елдің еңбек күші артық өңірлерінен 400-ден астам отбасы қоныс аударды. Олардың басым бөлігі Түркістан облысы мен Алматы облысы, сондай-ақ Шымкент және Астана қалаларынан келген.

Көші-қон бағдарламасы аясында қоныс аударушыларға жұмыс ұсынылып, тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Биыл сертификат көлемі 7 миллион 28 мың теңгеге дейін ұлғайтылған.

Былтыр тамыз айында Талдықорған қаласынан Петропавл қаласына көшіп келген Корниловтар отбасы мемлекеттік қолдаудың тиімді болғанын 24 KZ арнасына берген сұхбатында айтты. Отбасы анасы педагог ретінде бірден жұмысқа орналасқан. Балалары білім беру ұйымдарына қабылданған. Ал мемлекет ұсынған қолдау арқылы олар үш бөлмелі пәтер сатып алған.

Қоныс аударушы Павел Корниловтың айтуынша, алғашында отбасы жалдамалы пәтерде тұрған.

– Экономикалық ұтқырлық сертификаты үлкен көмек болды. Биыл ипотека арқылы пәтер сатып алдық. Өз жинағымыз болды, қалғанын ипотекамен рәсімдедік. Енді осы жерде өмір сүріп, дамуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ

Солтүстік өңірлерге көшіп келетін азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, отбасының әр мүшесіне 70 АЕК көлемінде бір реттік төлем беріледі. Биыл оның мөлшері 300 мың теңгеден асады. Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық қызмет шығындары субсидияланады.

СҚО еңбек мобильділігі орталығы басшысы Нұрлан Бибулаевтың мәліметінше, 2026 жылы квота бойынша оңтүстік өңірлерден 800 отбасын, яғни 2820 адамды көшіру жоспарланған. Бұдан бөлек, 65 қандас отбасын қабылдау көзделген.

Қазіргі уақытта облысқа 401 отбасы мен 37 қандас отбасы қоныс аударған. Ал былтыр өңірге 2 мыңнан астам адам көшіп келген.

Мамандардың айтуынша, солтүстік өңірлерге көшуге ниетті азаматтардан өтініш қабылдау жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары