Қазақстан инвестиция салған Anthropic-пен Илон Маск серіктес болды

Ulysmedia
коллаж AI / Ulysmedia

Илон Маск бұған дейін «шектен тыс либерал көзқарастағы AI» деп сынаған Anthropic компаниясымен серіктестік орнатты. Дәл осы компанияға Қазақстан жақында 25 миллион доллар инвестиция салып, акционері атанған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ИЛОН МАСК ПЕН ANTHROPIC

Anthropic атауы соңғы айларда тағы бір себеппен жиі атала бастады. Бұған дейін Илон Маск компанияны «зұлым» және «батыс өркениетін жек көретін ұйым» деп сынаған еді. Ол Anthropic-тің қауіпсіздікке бағытталған моделін «шектен тыс либерал көзқарастағы AI» ретінде сипаттаған.

Euronews басылымының мәліметінше, күтпеген жерден Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы Anthropic-ке өзінің Colossus 1 суперкомпьютерін пайдалануға берді. Нәтижесінде Claude жүйесінің есептеу қуаты күрт артты.

Anthropic мәліметінше, келісім аясында компания 300 мегаваттан астам жаңа қуат пен 220 мыңнан аса NVIDIA GPU ресурсына қол жеткізген. Бұл Claude Pro және Claude Max секілді ақылы қызметтердің дамуын жеделдетпек.

Бұл жағдай AI нарығындағы идеологиядан гөрі инфрақұрылым мен есептеу ресурстары маңыздырақ бола бастағанын көрсетті.

ҚАЙШЫЛЫҚ НЕДЕН ТУДЫ?

Anthropic пен Маск арасындағы қайшылық тек бизнеске қатысты емес. Масктың xAI компаниясы жасаған Grok моделі «антивоук» бағыттағы AI ретінде танылды. Маск бірнеше рет негізгі медианы цензураға айыптап, Еуропадағы әсіре оңшыл қозғалыстарды қолдайтын пікірлерімен көзге түсті.

Ал Anthropic, керісінше, Claude жүйесінің қауіпсіздік шектеулерін әскери мақсатта қолдануға қарсы болды. Компания автономды қару жүйелеріне арналған кей функцияларды ашудан бас тартқан.

Соған қарамастан, бүгінде дәл Маск бақылауындағы инфрақұрылым Anthropic-тің өсуіне көмектесіп отыр. Бұл технологиялық нарықтағы бәсекелестік пен прагматизмнің жаңа деңгейін аңғартады.

OPENAI-ДАН КЕТКЕН МАМАНДАР ҚҰРҒАН ЖОБА

Anthropic 2021 жылы OpenAI-ден кеткен зерттеушілер тарапынан құрылған. Компания негізін қалаушылардың қатарында Дарио Амодеи мен Даниэла Амодеи бар. Олар OpenAI-де қауіпсіздік мәселелері екінші орынға ығысып барады деп есептеген.

Anthropic-тің басты ерекшелігі – «жауапты AI» концепциясы. Компания Claude атты моделін Constitutional AI деп аталатын тәсілмен оқытады. Бұл жүйе жасанды интеллектке алдын ала енгізілген этикалық шектеулер арқылы қауіпті немесе даулы сұраныстардан бас тартуға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осы тәсіл Anthropic-ті технологиялық нарықтағы ең «сақ» әрі реттеуге бейім компаниялардың біріне айналдырды.

ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛДЫ?

Қазақстан жасанды интеллект саласындағы ең ықпалды компаниялардың біріне тікелей инвестиция құйды. Ұлттық инвестициялық корпорация америкалық Anthropic компаниясының акционері атанып, 25 миллион доллар инвестиция салған. Бұл туралы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Бұл жаңалық әлемдік AI нарығындағы күрделі геосаяси және технологиялық өзгерістер аясында ерекше назар аудартты. Себебі Anthropic – тек технологиялық стартап емес, жасанды интеллект қауіпсіздігін басты құндылық ретінде көрсететін, OpenAI-ге балама ретінде қалыптасқан компаниялардың бірі.