Болат Атабаевтың лекциялары кітап болып жарық көрді

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Журналист Қанат Тілеухан мен ақын Асылан Тілегеннің құрастыруымен «Атабаев лекциялары» атты жаңа кітап жарық көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАС БУЫНҒА ТАРТУ

Жинақтың басты мақсаты – режиссер, суреткер Болат Атабаевтың театр өнері төңірегіндегі лекциялары мен толғамдарын бір арнаға топтастырып, жас буынға ұсыну.

Авторлардың айтуынша, кітапты дайындау жұмысы жаңа жыл қарсаңында басталған. Бірнеше айлық ізденіс пен жинақтау жұмысының нәтижесінде еңбек оқырман қолына тиіп отыр.

Кітаптың тұсаукесері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы қабырғасында өтті. Іс-шараға театр саласының өкілдері, студенттер, зиялы қауым мен өнерсүйер қауым қатысты.

ЖИНАҚ НЕ ЖАЙЛЫ?

Жаңа жинақта Болат Атабаевтың театр табиғаты, режиссура, актерлік шеберлік және қоғам мен өнер байланысы туралы айтқан ой-пікірлері қамтылған. Құрастырушылар бұл кітаптың әсіресе театр факультетінде білім алып жүрген студенттер үшін маңызды оқу құралына айналатынын айтады.

Мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай кітаптың тұсаукесерінен алған әсерімен бөлісті:

«Бүгін осы кітаптың тұсаукесеріне бардым. Студент кезімізде мұндай кештерден қалмайтын едік. Бізге орын жетпей, түрегеп тұрып тамашалайтынбыз. Қазір өнерге қатысы бар студенттер тым ақылды болып кетті ме, әлде сабаққа қатты беріліп жүр ме – кішкентай ғана залда көрермен сирек отырды. Өкінішті-ақ… Кітапты құрастырғандар – Асылан Тілеген мен Қанат Тілеухан бауырларым екен. Кітап “Ziyat” баспасынан жарық көріпті. Өзін болашақта “өнер адамымын” деп есептейтіндерге, шын өнерді бағалай білетін жандарға таптырмас құнды дүние. Кітап сатылымда. “Ziyat” баспасын табу интернет заманында қиындық тудырмайды деп ойлаймын»,– дейді Қадырғали Көбентай. 

Еске салайық, Болат Атабаев – қазақ театр өнеріндегі батыл көзқарасымен, еркін ойымен танылған режиссерлердің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы ұлттық театрдың дамуына үлес қосып, бірнеше буын актер мен режиссердің қалыптасуына ықпал етті.