Грант жаңа тәртіппен беріледі: биылғы түлектер нені білуі тиіс?

Анар Лепесова
фото: smi24.kz

Биыл ЖОО-ға мемлекеттік грант арқылы түсуге үміттілер жаңа ереже бойынша іріктіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы 23 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, елімізде гранттарды бөлу жүйесіне біршама өзгерістер енді. Бұдан былай жоғары оқу орындарының тізімі мен бөлінетін грант көлемін Республикалық комиссия анықтайды. Бұл шешім университеттердің ресми рейтинг нәтижелеріне сүйеніп қабылданады.

Яғни мемлекет грант бөлу кезінде ЖОО-лардың жалпы бағалау көрсеткішін ескеретін болады.

Сондай-ақ конкурс кезінде университеттердің өздері белгілейтін ең төменгі баллдар да есепке алынады. Грант бөлу бұрынғыдай ҰБТ нәтижесіне негізделген конкурс арқылы жүзеге асады.

ӨТІНІШ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

Талапкерлер грантқа өтінішті екі жолмен: жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы және электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

Ұлттық тестілеу орталығының цифрлық жүйесі арқылы құжат тапсыру мерзімі нақты белгіленді: 12–18 тамыз аралығы және 12–18 желтоқсан аралығы.

ГРАНТ БАЙҚАУЫНА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛМАЙДЫ?

Грант конкурсына қатысу үшін бекітілген минималды шектер:

– ұлттық ЖОО-лар үшін — 65 балл;
– педагогикалық мамандықтарға — 75 балл;
– құқық саласына — 75 балл;
– медицинаға — 70 балл;
– ауыл шаруашылығы және ветеринарияға — 50 балл;
– басқа ЖОО-лар үшін — 50 балл.

Колледжден кейін қысқартылған бағдарламаға түсу үшін:
– жалпы талап — 25 балл;
– педагогикалық бағытта — 35 балл.

Бұйрық бойынша негізгі өзгерістер 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Ал грант бөлу мен конкурсқа қатысты кей нормалар 12 шілдеден бастап қолданысқа енеді.

ҰБТ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢҒЫРТЫЛУЫ

Айта кетейік, бұдан бұрын Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жаңғыртылатынын мәлімдеген

Ол ҰБТ жүйесін трансформациялау бойынша бірнеше нақты ұсынысты атады.Біріншіден, педагогикалық мамандықтарға қабылдау тәртібі өзгереді. Енді педагог болуды қалайтын жастар стандартты тестілеуден бөлек, арнайы дайындалған ауызша емтихандар тапсырады. Бұл ретте Admissions Insight Test тапсырмалары арқылы үміткердің талдау жасау дағдысы мен оқуға дайындық деңгейі анықталады. Вице-премьер бұл өзгерістің маңыздылығын атап өтіп:

Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзі де модернизациядан өтеді. Жаңа жүйе бойынша ҰБТ мемлекеттік грант иегерлерін анықтайтын бір реттік, шешуші емтихан мәртебесіне ие болады. Ал түлектерге өз деңгейін алдын ала тексеруге мүмкіндік беретін сынақ тестілеулері бұрынғыша сақталады. Бұл шаралар іріктеу үдерісінің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.