Күткендей болмады: Бейжіңдегі келіссөз Boeing акцияларын құлдыратты

Анар Лепесова
thehindu.com

Трамп Қытайдың 200 ұшақ сатып алатынын айтқаннан кейін Boeing акциялары 4%-ға арзандады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘЛДЕҚАЙДА ІРІ КЕЛІСІМ КҮТІЛГЕН

АҚШ президенті Қытайдың Boeing компаниясынан 200 ұшақ сатып алуға келіскенін мәлімдегеннен кейін, әуе техникасын өндіруші компанияның акциялары 4 пайыздан астам төмендеп кетті. Reuters агенттігінің жазуынша, нарық сарапшылары мен инвесторлар бұдан әлдеқайда ірі келісімді күткен.

Мәміленің нақты шарттары әзірге жарияланған жоқ. Ұшақтардың қай кезде жеткізілетіні және қандай модельдер сатып алынатыны белгісіз. Алайда Reuters дереккөздерінің мәліметінше, Си Цзиньпин мен Трамптың кездесуіне дейін шамамен 500 ұшақ жөнінде келіссөз жүріп жатқан.

«Ол бүгін келіскен дүниенің бірі — 200 ұшаққа тапсырыс беру. Ірі ұшақтар», — деді Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында Си Цзиньпинге қатысты.

Осы мәлімдемеден кейін бейсенбі күнгі сауда барысында Boeing акциялары 4,1 пайызға құлдырады.

Boeing-тен ірі көлемде ұшақ сатып алу туралы келісім АҚШ пен Қытай саммитінен күтілген басты нәтижелердің бірі болған. Сонымен қатар тараптар былтыр қазанда жасалған уақытша сауда бітімін ұзартуы мүмкін деген болжам айтылған.

Сол кезде Трамп Қытай тауарларына салынған жүздеген пайыздық тарифтерді тоқтатқан еді. Ал Бейжің сирек кездесетін металдардың әлемдік нарыққа жеткізілуіне кедергі келтірмеуге уәде берген.

Reuters дереккөздерінің мәліметінше, келіссөздер негізінен 500 дана Boeing 737 MAX ұшағына қатысты жүрген. Бұған қоса кейін тағы ондаған кең фюзеляжды ұшақ сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Сонымен бірге Қытай еуропалық Airbus компаниясымен де осындай көлемдегі келісім туралы талқылау жүргізіп жатыр.

20 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ САУДА

2005–2017 жылдар аралығында Қытай жыл сайын орта есеппен 127 Boeing ұшағына тапсырыс беріп отырған. Ал кейінгі жылдары бұл көрсеткіш күрт төмендеп, жылына орта есеппен небәрі алты ұшақпен шектелген.

Әлемдегі екінші ірі авиация нарығы саналатын Қытай үшін Boeing пен Airbus арасында бәсеке өте қызу. 2010 жылдары Airbus Қытай нарығында Boeing-тен озып, тіпті Тяньцзинь қаласында A320 ұшағын құрастыратын зауыт ашқан. Соған қарамастан, Қытай жолаушылар тасымалына сұраныстың артуына байланысты екі компаниядан да ұшақ сатып алуға мәжбүр. Сарапшылардың бағалауынша, елге қазірдің өзінде мыңға жуық жаңа ұшақ қажет.

Ал Boeing пен Airbus болжамына сәйкес, 2045 жылға дейін Қытайға кемінде 9 мың жаңа жолаушы ұшағы керек болады.

Қытайдың Boeing-пен соңғы ірі келісімі Трамптың 2017 жылғы Бейжің сапары кезінде жасалған. Сол кезде Қытай 300 Boeing ұшағын сатып алуға келіскен еді. Кейін екі ел арасындағы қарым-қатынас нашарлап, Boeing негізінен жүк ұшақтарына қатысты небәрі 51 тапсырыс алған.

Сарапшылардың айтуынша, Бейжің әдетте ірі авиациялық келісімдерді дипломатиялық саммиттермен қатар жариялап отырады. Мұндай мәмілелер көбіне саяси ахуалға да байланысты болады.

BNP Paribas сарапшысы Мэтт Эйкерстің сөзінше, Қытай әуе компанияларының ұшақ сатып алуы орталық биліктің мақұлдауын қажет етеді және мұндай шешімдер көбіне жоғары деңгейдегі сапарлармен тұспа-тұс келеді.

«Мүмкін, бұл сапар барысында тағы да қосымша тапсырыстар жарияланар. Бірақ әзірге инвесторлар бұл нәтижені күткеннен әлдеқайда төмен деп қабылдап отыр», — деді ол.

БЕЙЖІҢГЕ САПАР

Еске салайық, АҚШ президенті 13 мамырда Бейжіңге соңғы тоғыз жылдағы алғашқы сапарымен барған.

Әлемдік БАҚ жіті бақылап отырған бұл кездесу тек дипломатиялық протокол емес, Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаңа саяси-экономикалық кезеңнің бастамасы ретінде бағаланып отыр.

Сапардың символикалық маңызы оның ұйымдастырылуынан-ақ байқалды. Қытай тарапы америкалық делегацияны жоғары деңгейде қарсы алып, халықаралық баспасөз орталығын алдын ала дайындаған. Бейжіңге АҚШ-тан жүзден астам журналист арнайы барған. Бұл – саммиттің әлемдік медиадағы салмағын көрсететін маңызды белгі. 

ТРАМППЕН БІРГЕ КІМДЕР КЕЛДІ?

Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – Трамптың қасында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бар. Бұл келіссөздердің тек экономикалық емес, геосаяси сипатқа да ие екенін көрсетеді.Сондай-ақ, Ақ үй басшысы ұлы Эрик және келіні Лара Трампты ерте барған. Бұл жолы президенттің жанында бірінші ханым Мелания Трамп болған жоқ.  

Сапар құрамында америкалық ірі бизнес өкілдері де бар. Олардың қатарында кәсіпкер Илон Маск, Apple компаниясының басшысы Тим Кук және NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуанг бар екені айтылуда. Бұл Бейжіңдегі келіссөздерде технология, жасанды интеллект және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері маңызды орын алатынын көрсетеді.

ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА

Бейжіңнен ақпарат таратқан Ulusmedia.kz бұған дейін келіссөздер маңындағы қауіпсіздік бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткені жайлы жазған. Қала орталығы ерекше бақылауға алынып, мемлекет басшыларының кортежіне ешкім кедергі келтірмеді – олар бос көшелермен емін-еркін жүріп өтті. Тіпті астанадағы әрбір тұрғын ғана емес, әрбір бұтаға дейін маңайында қаншалық маңызды оқиға өтіп жатқанын сезетіндей әсер қалдырды.

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин соңғы рет 2017 жылдың күзінде кездескен еді. Содан бері әлем түбегейлі өзгерді. Сауда соғыстары, пандемия, технология үшін талас және әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыстар АҚШ пен Қытай қарым-қатынасын жаһандық саясаттың басты мәселесіне айналдырды.