Жабық түскі ас барысында Трамп пен Си Цзиньпинге теңіз өнімдерінен бастап дәстүрлі қытай тағамдарына дейін кең ауқымды мәзір ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БІЗДЕРДЕ МЫНАДАЙ БАР, МЫНАДАЙ БАР...
Көшбасшыларға ұсынылған ас мәзірінде теңіз өнімдері сорпасына қосылған ұсақталған треска, қытырлақ қуырылған теңіз шаянынан жасалған шарлар, саңырауқұлақпен бірге табада қуырылған сиыр еті болған.
Сондай-ақ, Трамп пен Си Цзиньпин жайғасқан дастарқанға кунг-пао тауық еті, бұқтырылған маусымдық көкөністер, тоқаш ішіндегі бұқтырылған сиыр еті және шошқа еті мен асшаян қосылған буға піскен тұшпара қойылған.
Десерт ретінде шоколадты бәліштер, жемістер және балмұздақ ұсынылған.
БЕЙЖІҢГЕ САПАР
Еске салайық, АҚШ президенті 13 мамырда Бейжіңге соңғы тоғыз жылдағы алғашқы сапарымен барған.
Әлемдік БАҚ жіті бақылап отырған бұл кездесу тек дипломатиялық протокол емес, Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаңа саяси-экономикалық кезеңнің бастамасы ретінде бағаланып отыр.
Сапардың символикалық маңызы оның ұйымдастырылуынан-ақ байқалды. Қытай тарапы америкалық делегацияны жоғары деңгейде қарсы алып, халықаралық баспасөз орталығын алдын ала дайындаған. Бейжіңге АҚШ-тан жүзден астам журналист арнайы барған. Бұл – саммиттің әлемдік медиадағы салмағын көрсететін маңызды белгі.
ТРАМППЕН БІРГЕ КІМДЕР КЕЛДІ?
Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – Трамптың қасында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бар. Бұл келіссөздердің тек экономикалық емес, геосаяси сипатқа да ие екенін көрсетеді.Сондай-ақ, Ақ үй басшысы ұлы Эрик және келіні Лара Трампты ерте барған. Бұл жолы президенттің жанында бірінші ханым Мелания Трамп болған жоқ.
Сапар құрамында америкалық ірі бизнес өкілдері де бар. Олардың қатарында кәсіпкер Илон Маск, Apple компаниясының басшысы Тим Кук және NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуанг бар екені айтылуда. Бұл Бейжіңдегі келіссөздерде технология, жасанды интеллект және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері маңызды орын алатынын көрсетеді.
ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА
Бейжіңнен ақпарат таратқан Ulusmedia.kz бұған дейін келіссөздер маңындағы қауіпсіздік бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткені жайлы жазған. Қала орталығы ерекше бақылауға алынып, мемлекет басшыларының кортежіне ешкім кедергі келтірмеді – олар бос қалған көшелермен емін-еркін жүріп өтті. Тіпті астанадағы әрбір тұрғын ғана емес, әрбір бұтаға дейін маңайында қаншалық маңызды оқиға өтіп жатқанын сезетіндей әсер қалдырды.
Дональд Трамп пен Си Цзиньпин соңғы рет 2017 жылдың күзінде кездескен еді. Содан бері әлем түбегейлі өзгерді. Сауда соғыстары, пандемия, технология үшін талас және әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыстар АҚШ пен Қытай қарым-қатынасын жаһандық саясаттың басты мәселесіне айналдырды.