Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр. Көне шаһар құрметті қонақтарды күтіп алуға ерекше дайындалған.
Ulysmedia.kz Түркістандағы жаңа нысандарды түгендеп көрді.
ЖАҢА ТАЙҚАЗАН
Саммит қарсаңында Түркістан қаласының кіреберісіне алып Тайқазан композициясы орнатылды. Бұл нысан түркі халықтарының бірлігі, татулығы мен ортақ рухани мұрасының символы ретінде бой көтерген. Ерекше сәулеттік шешіммен жасалған композицияны әуеден қарағанда Түркі мемлекеттері ұйымы туының бейнесі анық көрінеді.
Композицияның негізгі идеясы – түбі бір түркі жұртының ортақ тарихы мен мәдени байланысын көрсету. Тайқазан бейнесі қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін береке, молшылық және ынтымақтың нышаны саналады. Ал нысанның айналасындағы элементтер заманауи архитектуралық үлгіде безендіріліп, ұлттық нақыш пен қазіргі дизайн үйлесім тапқан.
Жоба халықаралық саммит қарсаңында Түркістанның туристік әрі мәдени келбетін айшықтай түсті. Қала қонақтары мен туристер үшін жаңа фотонүктеге айналған композиция кешкі уақытта арнайы жарық шамдарымен көмкеріліп, ерекше көрініс береді.
Жаңа орнатылған Тайқазан композициясының басты ерекшелігі – оның көлемі. Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы тарихи Тайқазаннан бес есе үлкен.
Композицияның биіктігі 10,4 метр болса, диаметрі 12 метрді құрайды. Нысан металлоконструкция негізінде салынып, сыртқы бөлігі шыны талшықпен қапталған. Жобада заманауи сәулеттік технологиялар қолданылған.
КИІЗ ҮЙ ПІШІНДІ ҒИМАРАТ
Сонымен қатар шаһарда ұлттық мәдениетті дәріптеуге және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этнотуристік кешен пайдалануға берілді. Жергілікті тұрғындар оны киіз үй пішіндес ерекше ғимарат ретінде атап жүр.
Жалпы аумағы 707 шаршы метрді құрайтын кешеннің басты нысаны – диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метрге жететін алып киіз үй. Нысан ұлттық нақыштағы сәулетімен ерекшеленеді.
Жоба аясында мұнда форумдар, этнофестивальдер, халықаралық көрмелер мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сондай-ақ кешен аумағында шағын киіз үйлер орналастырылып, этноауыл форматындағы демалыс пен мәдени таным кеңістігі қалыптастырылған. Ал ғимаратқа төбеден қарасаңыз тұтас Қазақстанның территориясын көргендей боласыз.
ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАШЫҒЫ
Түркістан қаласындағы қолөнершілер қалашығы да халықаралық саммит қарсаңында қайта жанданған. Қазір мұнда соңғы дайындық жұмыстары аяқталып, көрме алаңдары безендіріліп жатыр.
Саммит аясында түркі елдерінен келген 17 қолөнершінің туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдар, зергерлік әшекейлер, киіз және ағаштан жасалған қолөнер туындылары қойылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған.
ТАРИХИ НЫСАНДАР
Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен бірнеше жыл бұрын ашылған Керуен сарай кешені де халықаралық саммит қонақтарын қарсы алуға толық дайын.
Қаладағы басты туристік нысандардың бірі саналатын кесене аумағында абаттандыру және тазалық жұмыстары күшейтілген. Ал шығыс стиліндегі заманауи туристік кешен саналатын Керуен сарайда мәдени бағдарламалар, серуен аймақтары мен демалыс орындары келушілерге қызмет көрсетеді.
Түркістандағы тарихи және заманауи нысандардың үйлесімі қалаға келген меймандарға түркі әлемінің рухани мұрасы мен қазіргі келбетін қатар таныстыруға мүмкіндік береді.