ҰБТ-ға қатысты жалған ақпарат: Ұлттық тестілеу орталығы шұғыл мәлімдеме жасады

Қалижан Бектемір
Фото: instagram.com/testcenterkz

Ұлттық тестілеу орталығы әлеуметтік желілерде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты тарап жатқан жалған хабарландырулар туралы ресми мәлімдеме жасады. Қазіргі уақытта желіде «тест тапсыруға көмектесу», «дайын жауаптарды сатып алу» және «грантқа кепілдік беру» туралы жалған ұсыныстар көбейген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰТО НЕ ДЕЙДІ?

Орталық өкілдері мұндай хабарламалардың нақты тестілеу процесіне ешқандай қатысы жоқ екенін және алаяқтардың талапкерлерді алдап, ақшасын жымқыру үшін ойлап тапқан айласы екенін ескертеді.

ҰБТ форматында кез келген базаны алдын ала сатып алу немесе сұрақтарды біліп алу мүмкін емес. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншіден, әрбір қатысушыға арналған тест нұсқасы компьютер арқылы жеке әрі дербес түрде қалыптастырылады. Екіншіден, сұрақтар кездейсоқ іріктеу әдісімен берілетіндіктен, әлеуметтік желілерде таралатын кез келген «дайын жауаптар» нақты тест мазмұнына сәйкес келмейді.

ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ

Ұлттық тестілеу орталығы тест материалдарының қатаң қорғалатынын және олар мемлекеттік мекеменің меншігі екенін еске салды.

«Барлық тестілеу тапсырмасы орталықтың интеллектуалдық меншігі. Контентті заңсыз таратқаны және осындай алаяқтықты ұйымдастырғаны үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», — делінген ресми хабарламада.

Мамандар түлектер мен ата-аналарды тек өз білімдеріне сенуге, күмәнді ақпарат көздерінен аулақ болуға және ҰБТ-ға адал жолмен дайындалуға шақырады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде РФММ-де грантқа түсу нәтижелері жарияланғаннан кейін дау туындағанын жазған болатынбыз.