Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮКІМЕТКЕ БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМА
Құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыру, сондай-ақ білім мен тәрбие жүйесінде кітаптың рөлін күшейту негізгі мақсат ретінде көрсетілген. Жарлық шығармашыл, ойлы, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.
Президент мәдениет, білім беру және инновация салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындады. Олардың қатарында кітап оқу мәдениетін дамыту, жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру, цифрлық құралдарды кеңінен енгізу, отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, баспа ісі мен кітап тарату саласын ынталандыру, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау бар.
Үкіметке балалар мен жастар арасында кітап оқуға тұрақты қызығушылық қалыптастыру, оқырман инфрақұрылымын жаңғырту, ұлттық әдебиетті сапалы аудару және кең аудиторияға тарату бойынша нақты тапсырмалар берілді.
ҰЛТТЫҚ СЫЙЛЫҚ
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін “Жылдың 10 оқырманы” республикалық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Ал 2026 жылдың соңына дейін кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін насихаттауға арналған 2027–2031 жылдарға арналған “Зерделі ұлт” тұжырымдамасы бекітілуі тиіс.
Жарлық аясында 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін “Кітапхана және кітап шығару ісі туралы” жаңа заң жобасы әзірленеді. Сондай-ақ кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындау және бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жоспарланған.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.