Ресейлік блогерді жарнамаға тартқан отандық бренд жаппай сынға ұшырады

Қалижан Бектемір
Фото: Instagram.com @karna.val

Қазақстандық SenSulu косметика бренді ресейлік блогер Валя Карнавалмен түсірілген жарнамадан кейін қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЕ ҮШІН?

Компания блогерді брендтің амбассадоры ретінде таныстырған. Алайда Threads желісіндегі кейбір қолданушылар бұл шешімді сынға алды.

Пікірлерде былтыр Қазақстанда өткен түсірілім кезіндегі дау қайта еске алынды. Ол кезде әлеуметтік желілерде блогердің түсірілім алаңында қазақ тіліне байланысты жанжал шығарғаны туралы расталмаған ақпарат тараған еді.

Валя Карнавал бұл айыптауларды жоққа шығарған болатын. Оның айтуынша, тараған мәлімет шындыққа жанаспайды және ол Қазақстан мен оның халқына құрметпен қарайды.

Бұл жолы да желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.

ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР

Кейбірі қазақстандық бренд бұған дейін аты дауға іліккен адамды амбассадор етпеуі керек еді деп есептейді.

«Осындай үлкен даудан кейін оны SenSulu-дың бет-бейнесі ету — кринж. Бір жыл өтсе де, әлі ақталып жүр», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Ал енді біреулері өткен жылғы айыптаулар нақты дәлелденбегенін айтып, брендке бойкот жариялауға негіз жоқ деп санайды.

«Әлемдік жұлдыздар брендтердің амбассадоры ұлтына не паспортына қарамай таңдалады», – деп пікір білдірді қазақстандық қолданушылардың бірі.

Әзірге SenSulu компаниясы Threads желісіндегі сынға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.