43 жылдағы рекорд: жазда алматылықтар көк түтінге тұншығады

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы алдағы үш айға арналған ауа райы болжамын жасаған синоптиктер мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Синоптиктердің ескертуі

Синоптиктер Алматыда биылғы жаз ерекше ыстық болуы мүмкін екенін айтты. Болжам бойынша, кей күндері ауа температурасы 41 градусқа дейін жетуі мүмкін. 

«Қатты ыстық көбіне бұлтсыз әрі желсіз күндері байқалады. Мұндай жағдайда атмосферадағы зиянды заттар нашар таралып, ауада көбірек жиналады», – дейді «Қазгидромет» РМК мамандары.

Рекорд жаңаруы мүмкін

Мамандар климат әлі өзгеріп жатқанын және экстремалды құбылыстар саны көбейіп келе жатқанын айтты. «Қазгидромет» РМК метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаевтың мәліметінше, Алматыдағы жазғы температураның абсолютті рекорды 1983 жылы тіркелген. Сол кезде ауа температурасы +43 градусқа жеткен.

«Биыл жаздың бір күні 1983 жылғы рекорд жаңаруы мүмкін», - деді ол.

Не істеу керек?

Синоптиктер аптап ыстық кезінде алматылықтарға күннің ең ыстық уақытында далада көп жүрмеуге және сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішуге кеңес береді. Сондай-ақ шамадан тыс дене жүктемесінен сақ болып, балалар мен қарттардың жағдайына мұқият қарау қажет.

Бұдан бөлек, мамандар ауа райы болжамдары мен дауылды ескертулерді тұрақты бақылап отыру керегін еске салды.

«Қазіргі метеорология тек станциядағы бақылаушымен шектелмейді. Бүгінде болжамдар спутниктік суреттер, автоматтандырылған метеостанциялар, радиолокациялық деректер және атмосфераның сандық модельдері негізінде жасалады. Болжам әзірлеу кезінде WRF мезомасштабты моделі мен Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамдары орталығының жаһандық моделі қолданылады», – деді Дәулет Кисебаев