Жарнама үшін полицейге пранк жасаған блогер түрмеге түсті

Ulysmedia
видеодан скриншот

Шаурма жарнамасы үшін жасалған пранк астаналық блогердің тұтқындалуымен аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Құтқару операциясы”

Астаналық блогер Аппаз Серікұлы Instagram парақшасында полиция қызметкеріне жасалған пранктың видеосын жариялады.

Бейнежазбадан жас жігіттің суға батып бара жатқанын, айналадағылар көмекке полиция қызметкері шақырғанын көруге болады. Тәртіп сақшысы бірден әрекет етіп, суға секіріп, «зардап шеккен» адамды жағаға алып шыққан.

Осыдан кейін оған блогер жағдайдың әлеуметтік эксперимент екені, ал суға батып жатқан адамның рөлін кәсіби жүзуші сомдағаны айтылған.

Видео шаурма дайындайтын қоғамдық тамақтану орнымен бірлесіп жарияланған. Ролик авторлары полицейдің батылдығына алғыс ретінде оған аталған дәмханаға отбасымен тегін баруға мүмкіндік сыйлайтынын мәлімдеген. Алайда полиция қызметкері бұл ұсыныстан бас тартқан.

Іске полиция араласты

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның Ескек есу каналы аумағында болғанын мәлімдеді.

«Ер адам құқық қорғау органының қызметкерін “тексеру” мақсатында суға батып жатқандай әрекет жасаған. Қызметіне бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері бірден әрекет етіп, суға секірген. Алайда кейін бұл жағдайдың қолдан ұйымдастырылғаны белгілі болды», – деп хабарлады полиция.

Нәтижесінде пранкты ұйымдастырған автор мен оған қатысқан адам ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен олар 15 және 10 тәулікке қамауға алынды.