Алматыда студенттерді тінту басталады

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Алматыдағы колледждердің бірінде студенттердің ата-аналарына оқушылардың жеке заттарын ерікті түрде тексеруге келісім беру туралы құжат таратылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қауіпсіздік үшін бе?

Бұл мәселені алғаш болып Facebook желісінде алматылық блогер Жанна Ахметова көтерді. Ол балалардың қауіпсіздігін бәрінен маңызды санағандықтан, құжатқа қол қойғанын жеткізді.

«Қазір балалар үлкендерге еліктеп, бір-біріне шабуыл жасап, жарақаттайтын болды. Әрине, мен бұл құжатқа қол қойдым. Ұлымның оқу орнында қауіпсіз болғанын қалаймын. Бірақ мұндай құжаттың пайда болуының өзі – қоғамымыз үшін қасірет әрі ұят жағдай. Меніңше, бұзақылық пен кез келген агрессия үшін жауапкершілікті күшейту керек. Пышақ көрсету, қоғамдық орындардағы төбелестер қазір қатысушылар үшін тым жеңіл өтіп жатыр, бұл олардың мінез-құлқын өзгертпейді», – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Құжатта не жазылған?

Жанна Ахметова жариялаған құжат мәтінінде колледж әкімшілігі қауіпсіздік қызметімен бірге студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу шараларын жүргізуді жоспарлап отырғаны айтылған.

Әңгіме оқу орнына кіреберісте жеке заттарды көзбен шолып тексеру туралы болып отыр. Құжатта күзет қызметкерінің талабы бойынша студент сөмкесінің немесе киім қалталарының ішін өзі көрсетуі керек екені нақтыланған.

Сондай-ақ ата-аналардан балаларымен қауіпті заттарды алып жүруге болмайтыны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу және ішкі тәртіп ережелерінің сақталуын бақылау сұралған.

Құжат соңында әкімшілік ата-аналардан колледждің қауіпсіздік қызметі студенттің жеке заттарын ерікті түрде тексеруіне келісім беруді өтінген.

Мектептердегі алаңдатарлық оқиғалар

Еске салайық, бұған дейін Құлсарыда оқушы мектеп дәлізінде балтамен жүгіргені хабарланған еді. Оқиға Пушкин атындағы №6 мектепте болған. Бұл оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен кетті.

Сондай-ақ, жуырда Алматыда оқушы қыз мектепке балтамен келген еді. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқушы қыз әлеуметтік желідегі нұсқаулардың ықпалымен заңға қайшы әрекет жасауға ниеттенген. Алайда полицейлер дер кезінде шара қолданып, қайғылы жағдайдың алдын алған.