Әлеуметтік желіде айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің Орал қаласындағы кездесуіне қатысты дау шықты. Ақын Ақұштап Бақтыгереева өзінің Facebook желісінде жазба жариялап, Тазабектің кездесуін ұйымдастырған мекемені сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.
ДАУДЫҢ БАСЫ
23-ші мамырда Мұхамеджан Тазабектің Оралдағы Қадыр Мырза Әлі орталығында кездесуі өтетіні туралы әлеуметтік желіде ақын Ақұштап Бақтыгереева жазды.
– Қадыр Мырза Әлі орталығы мемлекеттік мекеме еді, жекеменшікке өтіп кеткен жоқ па екен?/рұқсат берген кім?/ Президентіміз 16-мамырда Кітап оқитын ұлт боламыз деген Жарлыққа қол қойды. Біз Қадыр ақынның 6767 кітабын көшіріп әкеліп,он жыл өткесін, енді ашып оқуға кіріскелі отыр едік.... Сол тұста Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, Дикий Арманның құшағынан шыққан,айтыстағы"құбылыс" Мұхамбетжан Тазабеков ел-жұртпен кездесу үшін Оралдағы киелі орталықты таңдапты, – деп жазды ақын постында.
Бұдан бөлек, Бақтыгереева Тазабектің Оралға не үшін келгені түсініксіз екенін айтты. Ақынның сөзінше, түрлі діни ағымдар еніп кеткен Батыс өңіріне оның келуі үлкен жұмбақ.
– Жапондардың әлем алдына шыққан "Ахикабарада" дамыған техниканы көріп келгенін,адамзатты тек ғылым дамытқанын айтар ма екен? Әлде,соғысып жатқан Иранның Мешхет қаласындағы Мұхамбет пайғамбардың немересі Резаның қабірін сипауға барыңдар дей ме екен? "Отбасы құндылығы" жайында, Бекболат Тілуханов қайнағасы сияқты 4 әйел ал дей ме? Ақ сүт берген Анаңды өлген бойда көм дей ме? Сан түрлі діни ағымдар еніп кеткен Батыс өңірге осы "пәленің" келуі маған жұмбақ. Қандай саясат? Қандай үгіт? Айтыс жайлы не демек? Айтыс-қазір бизнес. Барыңдар кездесуге. Тәңірші болу,салафит болу, ақ жамылу,қара жамылу , талақ болу , суайт болу,зымиян болу - өз еркіңіз ғой....., – деді Ақұштап Бақтыгереева.
«КЕЗДЕСУ ӨТПЕЙТІН БОЛДЫ»
Осыдан кейін желіде Ақұштап Бақтыгерееваның постын қолдаған жазбалар көбейді. Оған мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса мен Ермұрат Бапи де реакция білдірді.
Ермұрат Бапи Facebook желісінде «Свет-дос, бұл кездесу өтпейтін болды, тоқтаттық! Міне, қоғамдық бойкоттың нәтижесі!» деп жазба жариялады.
«КЕЗДЕСУ ӨТТІ»
Бірақ әлеуметтік желідегі дауға қарамастан, Мұхамеджан Тазабек пен теолог Арман Қуанышбаевтың қатысуымен «Шаңырақ берекесі» форумы Орал қаласында өткен.
Форумды ұйымдастырған «Тұлға» жобасының әкімшісі Ulysmedia тілшісіне әлеуметтік желіде дау болған кездесудің өздері ұйымдастырған «Шаңырақ берекесі» кездесуіне ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
– [Дау болғанын] білеміз. Бірақ ол біздің шараға емес қой. 23-і болатын шараға ғой. Facebook-қа салғанда 23-ші мамыр деп салып қойған. Сондықтан екінші адамға кесірлеріңіз тиіп кетпесін. Бұл өзге шара. Кеше, 23-і сағат төртте болатын шараға отказ болды, – деді ол.
«Шаңырақ берекесі» форумы бүгін, 24 мамыр күні өткен. Шара Орал қаласындағы «Атамекен» орталығында болған.