×
470.8
545.99
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.8
545.99
6.6

ERG-дің ірі акционері: Шахмұрат Мүтәліп кім және көл-көсір байлыққа қалай жетті?

Бүгін, 12:28
ERG-дің ірі акционері: Шахмұрат Мүтәліп кім және көл-көсір байлыққа қалай жетті?
Ulysmedia.kz коллажы

Integra Construction ірі құрылыс компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп күні кеше Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясының акционері атанды. Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлердің ішіндегі ең жасы саналатын олигарх қалай байыды? Тау-кен өндірісі саласындағы ең ірі корпорациялардың бірінің үлесіне қалай қол жеткізді? Ulysmedia.kz тарқатады.

ERG-ДЕГІ ҮЛЕС

Бірер күн бұрын Eurasian Resources Group (ERG) акционерлер құрамындағы өзгерістер туралы хабарлады. Компания мәліметінше, Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Nature energy solutions Ltd. Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен ERG акцияларының 39,3 пайызын сатып алған.

ERG – Люксембургте тіркелген, тау-кен өндірісі саласындағы ірі халықаралық корпорациялардың бірі. Компанияның Қазақстанда да, шетелде де активтері бар. Мәселен, Конгода ERG жергілікті Gecamines мемлекеттік компаниясымен Калукунди кен орнына қатысты дауды реттеу жөнінде келісімге келіп, мыс өндіру жобаларын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар дәл осы ERG Қазақстанды галлий өндіруден әлемде екінші орынға шығаруды көздейді. Галлий – сирек кездесетін әрі өте қымбат металл.

Компанияның «еуразиялық» бизнесі металлургия мен энергетикадан бөлек, көлік және қаржы секторын да қамтиды. Қазақстанда ERG мыңдаған жұмыс орны мен экспорттың елеулі бөлігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарды бақылайды.

ЕҢ ЖАС МИЛЛИОНЕР

ERG негізін қалаушылардың бірі Александр Машкевич қайтыс болғаннан кейін компания иелері – Шухрат Ибрагимов пен Патох Шодиев бизнесті басқаруға қатысты ұзақ дауласқан еді. Ақырында дау Ибрагимовтар отбасының пайдасына шешілді. 39 жастағы Шухрат Ибрагимов корпорацияны бақылауға алғаннан кейін мемлекет бюджетіне 365 миллион доллар көлемінде рекордтық дивиденд төленген. Бұл – ERG 2013 жылы Лондон биржасынан кеткеннен бергі ең ірі төлем саналады.

Енді корпорацияның 40 пайызға жуық акциясы – Шахмұрат Мүтәліптің меншігі. 35 жастағы Мүтәліп – еліміздегі ең жас долларлық миллионер. Ол Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингінде 22-орында. Forbes бағалауынша, байлығы шамамен 482 млн доллар.

Бизнесмен – Integra Construction KZ құрылыс тобының құрылтайшысы. Бұл компания негізінен инфрақұрылымдық құрылысқа маманданған: теміржол мен автожолдарды салу және жөндеу жұмыстарымен танымал. Соңғы жылдары ол қызмет аясын кеңейтіп, азаматтық және тұрғын үй құрылысына, өнеркәсіптік нысандарға, көлік-логистикалық инфрақұрылым жобаларына, сондай-ақ инженерлік желілер мен құрылыстар салуға кіріскен. Компания 2025 жылы мемлекетке 22,7 млрд теңге салық төлеген. Ал биыл жыл басынан бері қазынаға 15,5 млрд теңге құйған.

ҚАНДАЙ ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН?

Олигарх 1990 жылы Алматы облысындағы Қазциг ауылында туған.

Ашық дереккөздерде Мүтәліптің ата-анасы туралы ақпарат жоқ, тіпті әкесінің аты да көрсетілмейді.

2012 жылы ол «Тұран» университетінде экономика және аймақтану мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Сол оқу орнында магистратураны да аяқтаған. Кейін Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Asian Pacific университетінде қосымша білім алған.

Оның отбасы екені айтылады, жұбайының есімі – Балжан Мүтәліп. Екеуі үш бала өсіріп отырғаны белгілі.

ЕҢБЕК ЖОЛЫ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Мүтәліп еңбек жолын 18 жасында бастаған. 2008 жылы ол «Бент» компаниясына шпал өндірісінде слесарь болып жұмысқа орналасқан. Бұл кәсіпорында 7 жыл еңбек етіп, мансап сатысымен біртіндеп көтерілген: слесарьдан кейін экономист, одан кейін бас бухгалтер, қаржы директоры, вице-президент және бірінші вице-президент деңгейіне дейін жеткен.

«Бент» компаниясы 2024 жылдың мамырында жабылған. Мүтәліп жұмыс істеген кәсіпорын «Сантекс» құрылымына тиесілі болған. Мүтәліп компаниядан 2015 жылдың желтоқсанында кетсе,  «Сантекс» 2016 жылдың наурызында капиталдан толық шыққан. Алайда әлі де қызметін тоқтатпаған. 2018 жылға дейін көтерме саудамен айналысқаны белгілі.

«ҚАЗАҚСЕЛЬМАШ» ЖӘНЕ IST GROUP

«Бент»-тен кейін Мүтәліп 2016–2017 жылдары  «Қазақсельмаш» концернінде директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды.

Кейін ол IST Group компаниясына тәуелсіз директор болып кіріп, онда 2020 жылға дейін жұмыс істеген.

IST Group көтерме саудамен айналысатын компания ретінде 2017 жылдың ақпанында құрылған. Мүтәліп жұмыс істеген кезеңде оның иелері бірнеше рет ауысқан.

INTEGRA CONSTRUCTION: БАС ДИРЕКТОРДАН ЖАЛҒЫЗ ҚҰРЫЛТАЙШЫҒА ДЕЙІН

2020 жылы Мүтәліптің Integra Construction KZ компаниясындағы қызметі басталды.

Бұл кәсіпорын бастапқыда теміржол салу және жөндеумен айналысқан ірі құрылым ретінде қалыптасқан, кейін қызмет аясын кеңейтіп, автомобиль жолдары мен ірі инфрақұрылымдық жобаларға кіріскен. 2017 жылы компания ребрендинг жасап, Integra Construction KZ атауын алғаннан кейін халықаралық нарыққа шыққан.

2020–2022 жылдары компания тұрғын үй, азаматтық және гидротехникалық құрылыс бағыттарын да дамыта бастады.

Мүтәліп компанияға алдымен бас директор ретінде келген (2020–2021), кейін бақылау кеңесінің төрағасы болды(2021–2024), ал 2021 жылы компания иелерінің бірі атанды.

Компания иелері бірнеше рет өзгерген: әр жылдары Мүтәліппен бірге «Алтынстрой», PRIME System KZ және басқа құрылымдар үлескер болды. Соңында басқару тікелей Шахмұрат Мүталіп пен оған тиесілі Management & Construction Ltd компаниясына өткен.

МЕНШІГІНДЕ ТАҒЫ НЕ БАР?

Integra Construction-нан бөлек, Мүтәліпке Gas Technology Ltd. және Nature Energy Solutions Ltd. компаниялары да тиесілі. Бұл екі компания 2024 жылдың қарашасында тіркеліп, табиғи газды көтерме сатумен айналысады.

2026 жылдың наурызында кәсіпкерге тиесілі тағы бір компания – Central Asia Resources Holding Ltd «Алтыналмас» АҚ-ның 100%-ын сатып алу туралы келісімге қол қойғанын хабарлаған. Алайда мәміле толық аяқталмаған.  KASE деректеріне сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның акционерлері: нидерландиялық Gouden Reserves B.V. (66,39%) және Владимир Джуманбаев (22,63%).

Өткен жылдың қазан айында Мүтәліп Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы болды. Сонымен бірге Қазақстан бокс федерациясын басқарады.

Бұған дейін Шахмұрат Мүтәліп швейцариялық Glencore компаниясының «Қазцинктегі» 70 пайыздық үлесін сатып алуға қызығушылық танытқаны хабарланған. Дереккөздердің мәліметінше, бұл мәміле қазір талқылану үстінде және аяқталуға жақын.

Сарапшылардың пікірінше, ERG-ден кейін «Қазцинк» акционері атанған жағдайда Мүтәліп Қазақстанның тау-кен саласындағы ықпалды ойыншылардың біріне айналуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары