Қазақстан рейтингтердің бірінде Ұлыбритания мен Жапонияны басып озды

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Инвестициялар мен адам капиталының дамуы бойынша елдер рейтингіне (IMD World Talent Ranking шолуының Investment & Development блогы) сәйкес, Қазақстан Республикасы әлемнің 69 экономикасы арасында 20-орынды иеленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗЕРТТЕУ

Ranking.kz дерегінше, соңғы жылдары Қазақстанның көрсеткіші тұрақты түрде жақсарып келеді: 2021 жылғы 39-орыннан 2025 жылы 20-орынға дейін көтерілген.

Төрт жылдың ішінде ел 19 сатыға жоғарыласа, тек соңғы бір жылдың өзінде 5 орынға ілгерілеген.

Рейтинг көшін Швейцария (100 балл), Люксембург (96,06), Исландия (86,77), Дания (83,25) және Австрия (83,1) бастап тұр. Ал рейтингтің төменгі бөлігінде кадр даярлау, білім беру және адам капиталына инвестиция салу жүйесінде жүйелік мәселелері бар елдер — Үндістан, Кения, Мексика, Филиппин, Венесуэла және басқа мемлекеттер орналасқан.

«Қазақстан тіпті бірқатар дамыған экономикалардан, соның ішінде Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапурдан да жоғары орын алды. Бұл елдегі жұмыс күші мен кадр даярлау жүйесі әлдеқайда бай мемлекеттермен салыстырғанда да бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді», — делінген зерттеуде.

БҰЛ НӘТИЖЕГЕ ҚАЛАЙ ЖЕТТІК?

Қазақстан бұл жоғары нәтижеге жұмыс күшіндегі әйелдердің үлесі және орта мектептегі оқушы мен мұғалім арақатынасы көрсеткіштері бойынша (екі көрсеткіште де алғашқы үштікте) ие болған.

Жалпы нәтижеге қазақстандық жұмыс берушілердің үлесі де айтарлықтай әсер еткен.

Қызметкерлерді оқыту және дамыту (Employee training) көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 11-орын алған. Бұл индикатор компаниялардың қызметкерлерді оқытуды қаншалықты басым бағыт ретінде қарастыратынын көрсетеді. Мұндай нәтиже бизнес сектордың кадрларды дамыту мен біліктілікті арттыруға белсенді түрде қатысатынын аңғартады.