«Шашымнан сүйреп, қорлады»: Алматыда прокурор мен полицейдің қыздары төбелесті

Ulysmedia
видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Қонаев атындағы университеттің жатақханасында 17 жастағы студент Азель Дарханның соққыға жығылуы жайлы оқиға кең талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Зардап шеккен қыз өз видеоүндеуін жариялаған.

Оқиғаның мән-жайы

Азель Дарханның айтуынша, жанжалдың себебі жатақханада тазалық сақтау туралы ескерту болған. Оны әңгімелесу үшін бөлмеге шақырып, кейін есікті құлыптап қойған.

— Мені ұзақ уақыт бойы тұншықтырып, басымды қабырғаға және темір кереуетке ұрды, шашымнан сүйреді, қорлап, кешірім сұрауға мәжбүрледі. Сонымен қатар есікті жауып тұрып, оқиғаны видеоға түсірді, — дейді ол.

Қыз жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған ми жарақаты, соққылар, көгерулер және қан кету диагнозын қойған.

Азель бұл жағдай туралы ұзақ уақыт қорыққаннан үндемей келгенін, бірақ сот қатысушылардың біріне қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындағаннан кейін ғана ашық айтуға шешім қабылдағанын айтады.

Қоғамдық резонанс

Әлеуметтік желіде оқиғаға қатысы бар студенттердің құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балалары екені туралы пікірлер тараған. Бұл мәліметті университеттің өзі де растаған.

Университеттің хабарлауынша, екі студенттің де ата-анасы құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Бір қатысушыға қатысты Алмалы аудандық соты үкім шығарған, ал екіншісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Айта кетейік, зардап шеккен қыздың анасы прокуратурада қызмет етеді, ал екінші студенттің әкесі полиция қызметкері екені айтылған.

Университет ішкі тексеру жүргізіп, кінәлілерге тәртіптік жаза қолданған.

Полицияның мәліметінше, төбелес екі жақты болған, себебі екі тарап та дене жарақатын алған. Іс ҚР ҚК 108-1-бабы бойынша (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) қаралған.