«Аттестатпен – Лондонға»: Дастан Сәтбаев мектеп бітірді

Ulysmedia
видеодан скриншот

«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаев 11-сынып бітірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰСТАЗДАРҒА АЛҒЫС

Футболшының «Соңғы қоңырау» шарасына қатысқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.

Салтанатты жиында түлектерге арнайы тағылған «Түлек – 2026» («Graduate 2026») лентасымен бой көрсеткен Дастан сахна төріне шығып, өзінің ақ тілегін білдірген. Футболшы ұстаздарына, академия басшылығына және осы уақытқа дейін қолдау көрсеткен жандарға алғысын айтты.

АКАДЕМИЯНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

«Қайрат» футбол клубының академиясы өз түлектерін маңызды күнмен ерекше құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Осы ерекше күнмен шын жүректен құттықтай отырып, жаңа бастамаларына ақ жол тілейміз! Армандары асқақ, мақсаттары айқын болып, биік белестерді бағындыра берсін. Ел мақтанышы, Отанымыздың абыройлы азаматтары атануларына тілектеспіз» делінген құттықтауда.

ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Желідегі жұрт футболшыны мектеп бітіруімен құттықтап, алдағы жоспарларына сәттілік тілеген.

“Дастанның жолы әрдайым ашық болсын! Әлем танитын аңыз футболшы болып, қазақтан шыққан тұңғыш “Алтын доп” иегері болсыншы болашақта”, – дейді жанкүйерлерінің бірі.

“Сонда Дастан енді ғана мектеп бітіріп жатыр ма? Оқушы бола тұра үлкен еңбек етіп жүрген адам”, – деп таңдасынын білдіргендер де бар.

“Аттестатпен – Лондонға”, – деп жазды тағы бір қолданушы.

ӘЛЕМ ҮЗДІКТЕРІНІҢ ҚАТАРЫНДА

Айта кетейік, жуырда Goal спорт басылымы NXGN 2026 рейтингін жариялап, әлемдік футболдағы ең үздік 50 жас талантты анықтады. Бұл тізімге Қазақстан ұлттық құрамасы мен алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтбаев еніп, 43-орыннан көрінді.

Дастанға лондондық «Челси» үлкен қызығушылық танытып, оны осы жазда «Стэмфорд Бриджге» ауыстыру үшін 4 млн еуроға (шамамен 4,7 млн доллар) келісім жасап қойған.

Шабуылшы халықаралық деңгейде бірнеше маңызды рекордты жаңартты. Былтыр желтоқсан айында еурокубоктардағы алғашқы голын соғып, ол Чемпиондар лигасында гол салған ең жас ойыншылардың тізімінде тек Ансу Фати мен Ламин Ямальға ғана жол берді.

Бұдан бөлек, ол Қазақстан ұлттық құрамасының тарихындағы ең жас дебютант әрі ең жас гол авторы ретінде тіркелді.