Жазда оқушылар 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады

Ulysmedia
фото: sputnik.kz

Алматы облысында жаз мезгілінде жасөспірімдер мен студенттерге ресми түрде жұмысқа орналастырылып, тұрақты еңбекақы төленетін уақытша жұмыс орындары ұсынылады. Өңірде 14 жастан асқан жастарға арналған жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖОБА ЖАЙЛЫ

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба маусым айында басталады. Бағдарлама аясында шамамен 800 мектеп оқушысы мен студент жұмыспен қамтылмақ.

Үш ай ішінде қатысушылар 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Орташа айлық жалақы көлемі шамамен 118 мың теңгені құрайды.

ҚАНДАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

Бағдарламаға қатысу үшін Enbek.kz платформасындағы «Менің жазғы демалысым» бөліміне тіркеліп, түйіндеме жүктеп, өзіне қолайлы бос жұмыс орнын таңдау қажет.

Жасөспірімдерге курьер, аниматор, жарнама таратушы, сатушының көмекшісі, кітапхана қызметкерінің көмекшісі, тәлімгер, сондай-ақ SMM маманы сияқты жұмыстар ұсынылады.

СҰРАНЫС КӨП ПЕ?

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдер тек жеңіл әрі қауіпсіз еңбек түрлеріне ғана тартылатын болады. Ал 14–15 жастағы қатысушылар үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі қажет.

Өткен жылы бұл бағдарламаға 500-ге жуық мектеп оқушысы мен студент қатысқан.