Атырау облысында аудан әкімінің орынбасары қаза тапты

Ulysmedia
Ерболат Иғали

Атырау облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали қаза тапты. Ол 45 жаста еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы “Ақ Жайық” басылымы хабарлады.

Толығырақ

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға бүгін таңертең болған. Ерболат Иғали жүргізушісімен бірге жұмысқа бара жатқан қызметтік автокөлік тасжолда аударылып кеткен. Апат салдарынан шенеунік оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші аман қалды.

Қаза болу фактісін Атырау облысының әкімдігі растады.

"Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Айдынғалиұлы Иғалидің кенеттен қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз", – деп хабарлады облыстық әкімдіктен.

Келесі айда оның 46 жасқа толатыны белгілі еді. Артында бес баласы қалды.

Ерболат Иғали еңбек жолын жергілікті газеттің тілшісі болып бастаған. 2023 жылғы 30 қаңтардан бастап Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.