АҚШ Иранның әскери нысандарын тағы соққылады

Анар Лепесова
U.S. Navy/Reuters

Пентагон Иранның әскери нысандарына тағы да соққы жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

КЕЗЕКТІ СОҚҚЫ

Америкалық шенеуніктің айтуынша, нысан АҚШ қарулы күштері мен Ормуз бұғазы арқылы қатынайтын коммерциялық кемелерге қауіп төндірген.

26 мамырда АҚШ Ислам Республикасының оңтүстігіндегі бірқатар нысанға соққы берген болатын. Пентагон өзін-өзі қорғау шарасы деп атаған операция барысында Ормуз бұғазы маңындағы ирандық катерлер мен әуе шабуылына қарсы зымыран кешендерінің позициялары жойылған.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары қақтығысқа қатысушы тараптар арасындағы атысты тоқтату режимі әлі де күшінде екенін хабарлаған еді.

Осы жағдай аясында АҚШ президенті Иранның байытылған ураны «не дереу жою үшін Америка Құрама Штаттарына беріледі, не Иран аумағында немесе келісілген басқа жерде жойылады» деп мәлімдеді.

Ақ үй басшысы бұл үдерісті қадағалауға Атом энергиясы жөніндегі комиссияның немесе соған ұқсас құрылымның қатысатынын да айтты.

“МҰНАЙ 200 ДОЛЛАРҒА ДЕЙІН ҚЫМБАТТАЙТЫНЫНА ДАЙЫН БОЛЫҢДАР”

Еске салайық, бұдан бұрын Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Әнбия» орталық жедел штабының ресми өкілі Эбрагим Зольфагари Х әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап, АҚШ Таяу Шығыста және Иран маңында әскери іс-қимылдарын тоқтатпайынша, тараптар арасында ешқандай мәміле жасалмайтынын айтқан.

«АҚШ билігі күш тілін ғана түсінетінін талай мәрте көрсетті. Мұнайдың бір баррелі 200 долларға дейін қымбаттауы мүмкін екеніне дайын болыңыздар», – деп жазды ол.