Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда орыс тілінің қолдау тапқанына алғыс айтып, оның елдегі ресми мәртебесі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПУТИН НЕ ДЕДІ?
Астанадағы келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бірқатар бірлескен жобалармен танысты. Олардың қатарында Қазақстанда амур жолбарысын қайта жерсіндіру бастамасы, жүргізушісіз жүк тасымалына арналған жаңа бағыт және «Сириус» мектебі жобасы бар.
Кейін екі ел басшысы брифинг өткізді. Путин өз сөзінде орыс тілі мәселесін ерекше атап өтіп, бұл бағыттағы бастамалары үшін Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
– 15 наурызда өткен референдумда Қазақстан президентінің бастамасымен орыс тілінің ресми мәртебесі қайтадан расталды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы бастама көтерді. Наурыз айында Мәскеуде өткен министрлік конференция осы құрылымның жұмысын ресми түрде бастап берді. Бұл ұйым ортақ орыс тілді мәдени-гуманитарлық кеңістікті сақтауға бағытталған. Біз бұл бастамаларды жоғары бағалаймыз. Өз тарапынан Ресей Қазақстанда жаңа орыс тілінде оқытатын мектептер салуға және орыс тіліндегі білім сапасын арттыруға қолдау көрсетіп отыр, – деді ол.
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ТІЛ МӘРТЕБЕСІ
Еске салайық, жаңа Конституция жобасын дайындау кезінде орыс тілінің мәртебесіне қатысты тұжырым нақтыланып, бұрынғы «тең дәрежеде» деген сөз «қатар» деген ұғыммен ауыстырылған. Соның нәтижесінде мемлекеттік мекемелерде орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылатыны бекітілген.