Биыл халықаралық пікірталас алаңында «ЕАЭО жаһандық цифрлық бәсекеде: жасанды интеллектке басымдық беру» тақырыбы талқыланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ФОРУМҒА КІМДЕР КЕЛДІ?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысу үшін Астанаға келген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларын және делегация жетекшілерін қарсы алды.
Форумға қатысушылар қатарында Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян, Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Нормтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және өзге де ресми тұлғалар бар.
ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС
Форумның пленарлық отырысын Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жүргізіп отыр.
Алғаш болып сөз алған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің қазіргі заманда экономиканы дамыту мен елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы шешуші рөліне тоқталды.
– Басты мәселе – цифрлық технологияларды экономикалық және қоғамдық дамуды жеделдететін тиімді құрал ретінде пайдалана аламыз ба, жоқ па деген сұрақта. Бұл міндеттің табысты шешілуі белгілі бір деңгейде амбициясы бар мемлекеттердің болашағын айқындайды деуге болады. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етіп отырған Қазақстан ұйымға мүше барлық елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде қолдануды ұсынды, – деді Тоқаев.