«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі жазбасында ұйымның қаржылық қиындыққа тап болғанын айтып, қолдау сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құқық қорғаушының сөзінше, қор соңғы бірнеше жылдан бері тұрақты қаржы таба алмай келеді. Оның айтуынша, қорға көбіне қарапайым әйелдер көмектеседі, ал кәсіпкерлер тарапынан қолдау сирек болады.
- Жеті адамнан тұратын командаға екі аптада әрең дегенде 500 мың теңгеден сәл асатын қаражат жиналды. Қазір Черногорияда қор ашып жатырмыз. Бірақ бұл процесс өте ұзақ әрі ауыр болды. Қордың өзін тіркеу бір жарым айға созылса, оған дейін бес ай бойы сол елде жұмыс істеуге рұқсат беретін түрлі рәсімдерден өттік. Қазір өте ауыр кейстер көбейіп кетті. Қыздардың мойнындағы жүк орасан. Ал біз Алмат (авт.-Таңсәрінің күйеуі) екеуміз түрлі мекемелерге хат жазып, қолдау мен аз да болса қаржыландыру сұрап жүрміз. Бірақ әзірге үнсіздік, - дейді ол.
Сонымен қатар Таңсәрі халықаралық ұйымдардан әлі күнге дейін грант ала алмағандарын айтып, бұл жағдайдың моральдық тұрғыдан да қажытқанын жасырмады.
- Ең қиыны біздің ұйым халықаралық қорларға мүлде көрінбейтіндей. Осынша күш жұмсап жүріп, әлі күнге дейін бірде-бір грант ала алмадық. Команда алдында өзімді кінәлі сезінемін. Олар күн-түн демей жұмыс істейді. Ал кейде интернетке не күнделікті маңызды шығындарға ақша таба алмай қаламыз. Бұл қашан бітеді?..,- деп қынжылды құқыққорғаушы.
Оның сөзінше ұжымның жұмысына және шұғыл қажеттіліктерге 5-15 мың еуро аралығында ғана қаражат қажет. Ол Қазақстандағы әйел құқығына қатысты жағдайдың ауыр екенін айтып, қоғамнан қолдау сұрады.
- Егер Instagram-дағы 280 мың және Facebook-тағы 32 мың оқырманның әрқайсысы 500 теңгеден жіберсе, біз ұзақ уақыт алаңсыз жұмыс істеп, ақша іздеп тозбай, адамдарға көмектесуді жалғастыра алар едік. Бүгін кісі өліміне қатысты тағы бір кейс келді. Шынымды айтсам, алғым да келмеді. Көмектесуге деген күш пен мотивация азайып бара жатқандай , - дейді Таңсәрі.
Таңсәрі көмек қолын созам деушілерге қажетті реквизиттерді төмендегі Фейсбук парақшасында көрсеткен.