Bloomberg басылымы Қазақстан туралы материал жариялап, елді әлемдегі қарқынды өзгеріп жатқан жағдайларға сәтті бейімделе алған мемлекеттердің бірі ретінде атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шығыс пен Батыстың арасындағы көпір
Мақала авторларының пікірінше, Қазақстан Шығыс пен Батыстың арасындағы өзіндік көпір рөлін атқаруға ұмтылып отыр. Сонымен қатар ел технологияларды дамытып, инвестиция тартып, әлемдік ірі ойыншылармен қарым-қатынаста тепе-теңдікті сақтауға күш салуда.
Тәуелсіздіктің символы
Bloomberg Қазақстанның елордасы Астанаға ерекше назар аударған. Басылымның жазуынша, осыдан ширек ғасыр бұрын қазіргі астана енді ғана қалыптаса бастаған болса, бүгінде футуристік сәулеті мен ауқымды инфрақұрылымдық жобалары арқылы өңірдегі ең танымал қалалардың біріне айналды.
Орта дәліздің маңызы
Жарияланымда Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымын сақтап отырғаны атап өтіледі. Ел Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Түркиямен және Еуропа мемлекеттерімен қатар байланыс орнатып келеді.
Басылым ерекше атап өткен жобалардың бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз. Соңғы жылдары бұл бағыт арқылы тасымал көлемі едәуір артқан. Нәтижесінде Орта дәліз Азия мен Еуропаны байланыстыратын дәстүрлі сауда жолдарына балама маңызды бағытқа айналып отыр.
Цифрландыруға басымдық
Bloomberg Қазақстандағы цифрлық технологиялардың дамуына да тоқталған. Мақалада еліміздің электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту деңгейі бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің қатарына енгені айтылған.
Сондай-ақ жасанды интеллектіні дамыту жоспарлары сөз болады. Билік жасанды интеллектіні оқыту бағдарламаларына енгізіп, цифрлық экономика үшін ондаған мың маман даярлауды мақсат етіп отыр.
Әлі де шешімін күткен мәселелер бар
Сонымен қатар Bloomberg Қазақстанда шешімін күтіп тұрған проблемалардың да бар екенін атап өткен. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық, несие құнының жоғары болуы, инфляция, энергетика мен су ресурстарына қатысты мәселелер көрсетілген.
Басылым 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына да тоқталып, оның билік үшін үлкен сынақ болғанын жазады.
– Осы оқиғалардан кейін Қазақстанда бірқатар саяси реформалар мен референдумдар өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев әулетінің ықпалын шектеді, елордаға Астана атауын қайтарды және саяси жүйеге өзгерістер енгізуді бастады, – деп жазады Bloomberg.
Жалпы, басылым Қазақстанның шикізатқа тәуелді экономикалық үлгіден технологиялық әрі әртараптандырылған даму жолына көшуге талпынып жатқанын атап өтеді.
Авторлардың пікірінше, елдің алдында әлі де күрделі міндеттер көп. Соған қарамастан Қазақстан жаңа жаһандық жағдайларға бейімделе алатынын және өзінің географиялық артықшылығын халықаралық аренадағы рөлін күшейту үшін тиімді пайдаланып жатқанын көрсетіп отыр.