Орал қаласында өткен жылы көпқабатты үй ауласында ауыр күйік шалып, кейін қайтыс болған 8 жастағы Артемге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Марқұм баланың анасы тергеу жұмыстары толық жүргізілмегенін айтып, құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz жергілікті «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 тамызда Орал қаласындағы Қонаев көшесі, 55-үйдің ауласында болған. Жазғы демалысты әжесінің үйінде өткізіп жүрген Артем сол күні достарымен серуендеуге шығып кеткен. Арада бірнеше сағат өткенде оны ауыр күйік алған күйде үйіне жеткізген.
Баланың анасы Мұхаббат Пардаеваның айтуынша, Артем есін жоғалтпағанымен, өзіне не болғанын нақты түсіндіре алмаған. Ол тек өзін өлтірмек болғандарын бірнеше рет қайталаған.
Дәрігерлер баланың денесінің 96 пайызы күйіп қалғанын анықтаған. Көп ұзамай ол алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды.
Анасының сөзінше, қылмыстық іс 2026 жылдың ақпан айында тоқтатылған. Оның айтуынша, тергеу барысында маңызды дәлелдердің бір бөлігін отбасы өз күшімен жинауға мәжбүр болған. Әйел мектеп пен дүкендердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын өзі іздеп тапқанын айтады.
Сонымен қатар ол подъездердегі бейнебақылау жүйелері жазбаларды небәрі жеті күн ғана сақтайтынын, осы уақыт ішінде полиция қажетті материалдарды алып үлгермегенін жеткізді. Соның салдарынан оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін маңызды бейнежазбалар жоғалып кеткен.
Іс жүзінде бұл іспен ешкім айналыспағандай әсер қалды. Бізге бейнежазбалардың тек жекелеген үзінділері ғана көрсетілді. Ал ең маңызды сәттер түсірілген кадрлар сақталмаған. Менің ойымша, тергеу тиісті деңгейде жүргізілген жоқ, – дейді Мұхаббат Пардаева.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Отбасының болжамынша, оқиғаға кәмелетке толмаған балалардың қатысы болуы мүмкін. Алайда осы уақытқа дейін ешкім жауапкершілікке тартылмаған.
Әділдікке қол жеткізу үшін барлық заңды мүмкіндіктерді пайдаланғаннан кейін, марқұм баланың әкесі әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жариялап, кінәлілерді анықтауға көмектесуді сұраған. Алайда кейін оның өзіне қатысты арыздар түсіп, отбасы адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Ақырында бәрі өзімізге қарсы бағытталғандай болды. Күйеуімнің ешкімге қоқан-лоқы көрсетпегенін дәлелдеуге тура келді, – дейді баланың анасы.
Қазір Артемнің ата-анасы Орал қаласына тек ұлдарының зиратына зиярат ету үшін ғана келетіндерін айтады.
Ал Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті іс бойынша барлық қажетті сараптамалар жүргізілгенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес, яғни әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.