Астана тұрғыны қоғамдық орында тәртіп бұзғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПОЛИЦИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында автобуста отырған жолаушының телефонмен сөйлесіп отырып қатты айғайлап, бейәдеп сөздер қолданғаны түсірілген бейнежазба анықталған.
Тәртіп бұзушының жеке басы анықталып, оның 51 жастағы елорда тұрғыны екені белгілі болды. Ер адам Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жауапкершілікке тартылған.
Іс материалдарын қараған сот астаналыққа 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
ЕСКЕРТУ
Полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті бұзу заң аясында жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Қала тұрғындарын қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениетін сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және заңға қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз, – делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы «Бәйтерек» монументінің жанында даулы суретке түскен студент 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын. Сондай-ақ шаурма жарнамасы үшін жасалған пранк астаналық блогердің тұтқындалуымен аяқталған еді.
Алматыда бейәдеп сөздер айтылған видео жариялаған Ресей азаматшасы қамауға алынды.