Әлеуметтік желдіе Алматыдағы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында болған жанжалдың видеосы тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Видеодан науқас баланың ата-анасы мен дәрігер арасында келіспеушілік туындап, кейін әйелдің медицина қызметкеріне қол көтергені байқалады.
Аурухана әкімшілігінің мәліметінше, оқиға 31 мамыр күні болған. Түнгі сағат 00:07-де екі жасар бала қабылдау бөліміне жеткізілген. Дәрігердің тексеруінен кейін оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданған.
Медициналық мекеменің хабарлауынша, бала ауруханаға түскен кезде оның жанында кәмелетке толмаған әпкесі ғана болған. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты деп бағалап, өміріне тікелей қауіп төніп тұрмағанын анықтаған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған баланы ауруханаға жатқызу үшін заңды өкілінің келісімі қажет болғандықтан, медицина қызметкерлері анасының келуін күткен. Алайда анасы келгеннен кейін дәрігермен арасында жанжал туындаған. Бейнебақылау жазбалары мен куәгерлердің түсініктемелеріне сәйкес, медицина қызметкеріне қатысты күш қолдану әрекеті жасалған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылып, тиісті арыз берілген. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр.
«Қызметтік тексеру нәтижесінде баланы ауруханаға жатқызудан бас тарту немесе медициналық көмек көрсетпеу фактілері анықталған жоқ. Оқиғаға қатысты материалдар қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қарауында», – деп хабарлады Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар клиникалық ауруханасы.
Еске салайық, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш көрсету немесе қорқыту әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 106-1-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін кінәлі тұлғаға денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығына қарай 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.