«Қазцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин зауытта болған апатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды http://Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Жанат Жанботин үкімет отырысында 5 мамырда «Қазцинк» компаниясы тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың біріт болғанын, қазіргі уақытта өндірістік жұмыстарға ерекше бақылау режимі енгізілгенін айтты.
Компанияда жұмыс тобы құрылған, оның құрамына барлық деңгейдегі басшылар, өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары және кәсіподақ өкілдері кірген. Сондай-ақ шамамен 11 мың жұмыс орны тексеріліп, анықталған ауытқулар қатаң бақылауға алынған.
“Бұл біз үшін, “Қазцинк” үшін орны толмас қаза. Болашақта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін оның себептерін барынша нақты анықтау аса маңызды. Біз бұған жол бермеуіміз керек”, – деді ол.
Сондай-ақ Жанат Жанботин “Қазцинк” Төтенше жағдайлар министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен тығыз жұмыс істеп жатқанын айтты.
Контекст
Еске салайық, 5 мамыр күні таңертең зауыт аумағында жарылыс болып, кәсіпорын бастапқыда оны шағын жарылыс деп атаған. Оқиғадан кейін қала үстіне қою ақ түтін көтерілген. Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Бірнеше жұмысшы ауыр күйік жарақатын алды, олардың бірі кейін ауруханада қайтыс болды. Оқиғадан кейін Өскемен тұрғындары денсаулықтарының нашарлағанына шағымданған. Адамдар асқазан ауруы мен тыныс жолдарының күйіп ауыруы туралы айтқан. Сондай-ақ зауытқа жақын тұрғын аудандарда ауадағы зиянды заттардың шектен тыс мөлшері тіркелген.