Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесі бекітіліп, үкімет қаулысы күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Жаңа жүйеге сәйкес, мемлекет азаматтың болашақ зейнетақысын алдын ала есептейді. Яғни әр адам үшін «зейнетке шыққан кезде қанша қаражат қажет болады және соған жету үшін шотта қанша сома қалуы тиіс» деген көрсеткіштер алдын ала айқындалады.
Есептеу барысында адамның жасы, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар, инвестициялық табыстылық және өзге де факторлар ескеріледі.
Осы өзгеріске байланысты зейнетақы шотында сақталуы тиіс минималды сома өседі. Соның нәтижесінде зейнетақы жинағынан мерзімінен бұрын алуға болатын қаражат көлемі қысқарады. Дегенмен тұрғын үй алу және емделу мақсатында зейнетақы жинағын пайдалану тәртібі өзгеріссіз қалады.
Жаңа шек қашан белгілі болады?
Қаулыға сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жаңа әдістеме күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде 2026 жылға арналған жаңартылған жеткіліктілік шегін жариялауы тиіс.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 4 маусымға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережемен қаралады. Ал 5 маусымнан бастап берілген өтінімдер жаңа, қатаңдатылған талаптар бойынша есептеледі
Контекст
Айта кетейік, бұған дейін зейнетақы ақшасын пайдалануға қатысты өзгерістер қашан жарияланатыны хабарланған еді.