Израиль Иранды атқылауды тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Израиль Иранға соққы жасауды тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Reuters, dpa және басқа да халықаралық ақпарат агенттіктері дереккөздеріне сүйеніп жазды.
Ақпаратқа қарағанда, бұндай шешімді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху министрлер кеңесінен кейін қабылдаған. Израильдік БАҚ-тың жазуынша, шабуылды тоқтату АҚШ президенті Дональд Трамптің өтінішіне сәйкес жүзеге асырылған.
Бірақ Израиль Ливан аумағындағы әскери операциясын жалғастыратынын мәлімдеді. Егер Хезболла Израильдің солтүстігіне қайтадан шабуыл жасайтын болса, Израиль әскері Бейрут қаласының маңындағы нысандарға соққыларды қайта бастайды.
Бұған дейін Иранның әскери басшылығы Израильге қарсы шабуылдарды тоқтататынын мәлімдеген. Бірақ Тегеран Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған соққылары тоқтамаса, «бұрынғыдан да қатаң әрі жойқын шаралар қабылданатынын» ескертті.
АҚШ пен Иран арасында арағайын болып отырған Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф тараптар жақын арада бейбіт келісімге келетінін мәлімдеді. Ол барлық тараптарды сабыр сақтауға және жағдайды ушықтырмауға шақырды.