Жамбыл облысындағы фосфор зауытының жұмысшылары жаппай наразылыққа шықты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл жөнінде журналист Нұрадин Рақай жазды.
«Жаңа Жамбыл фосфор зауытындағы жаппай наразылық. Өтем ақы берілмейді, жалақы мардымсыз, еңбек демалысының ақшасы кешігеді. Ішкі қауіпсіздік қызметінен қысым күшейген. Онсыз да осы мәселелерден жүйкесі жұқарған жағдай бүгін шегіне жеткен», – деп жазды журналист.
Нұрадин Рақайдың жазуынша, біреу пеште, біреу цехта жүргенде итпен арнайы жасақ кіріп келген.
«Сөйтіп бұларға айтпай шкафтарын тінтіп бұзған. Содан есірткі табылды деп 10-ға жуық адамды алып кеткен. Қызметкерлер бұл заңсыз дейді. Куәгер қайда, жеке мүлікті иесі жоқта ашуға қаншалықты заңды дейді. Мүмкін өздері салып жіберген шығар деген күмән бар…», — дейді ол.
Зауыт жұмысшылары бұған дейін Қазақстан президентіне үндеу айтып, өтемақы төлеуді, жалақыны өсіруді талап еткен.
Желіде тараған видеода жұмысшылар «зейнетақы жоқ, жалақы аз» екенін айтып, зауыт өкілдеріне шағымданған.
Зауыт басшылығы не дейді
Кәсіпорын жұмысшылардың жаппай жиналысы рұқсат етілмеген түрде өтіп, ол туралы басшылық пен мемлекеттік органдарға алдын ала хабарланбағанын мәлімдеді. Ал иттердің қатысуымен жүргізілген тексерулер «Қара сора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес мақсатында өткізілгені айтылды. Сонымен қатар кәсіпорын басшылығы наразылық білдіруге нақты негіз болмағанын, бірақ олар жұмысшылардың мәселелерін заң аясында талқылауға және жұмысшылармен сөйлесуге дайын екенін жеткізді.
Наразылықтарға қарамастан, кәсіпорын штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.