Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі банктерінің бірі Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Кездесу барысында тараптар «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ-тың құрылуымен іске қосылуының одан әрі кезеңдеріне байланысты мәселелерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік лицензия алудың ұйымдастырушылық және реттеушілік аспектілерін талқылады.
Қазақстанда әмбебап банк ашу жоспарын Біріккен Араб Әмірліктерінің ADCB банкі 2024 жылдың қарашасында жариялаған болатын. Бұған дейін, 2024 жылдың шілдесінде ADCB тобы «Al Hilal» ислам банкі АҚ-ның 100% жай акцияларын сатып алуға рұқсат алған. Кейін, қазан айында банк атауы «ADCB Ислам Банкі» болып өзгертілді.
Сонымен қатар, Абу-Дабиден келген инвесторлар Қазақстандағы ADCB еншілес банкін пайдалана отырып, өз қызметін Орталық Азия мен Кавказ елдеріне кеңейтуді жоспарлаған. Бұл туралы сол кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы хабарлаған болатын.
Осыған дейін Агенттік Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ еншілес банкін ашуға, құрылатын банкке қатысты банк холдингі мәртебесін алуға, сондай-ақ еншілес ұйым құруға рұқсат берген болатын. Банк Қазақстанның Әділет органдарында 2026 жылғы 20 сәуірде тіркелді.
Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі банктерінің қатарына кіреді. Банктің мажоритарлық акционері толығымен Абу-Даби Үкіметіне тиесілі Mubadala Investment Company тәуелсіз инвестициялық қоры болып табылады.Банк жоғары халықаралық кредиттік рейтингтерге ие (S&P «A+», Fitch «A+») және 2026жылғы 1сәуірдегі жағдай бойынша активтер мөлшері бойынша БАӘ-нің 56 банкініңарасында 3-ші орында.
Өз кезегінде, «ADCB» Ислам Банкі» АҚ Қазақстан Республикасының банк жүйесінде қызметті жүзеге асырады және екінші деңгейдегі 23 банк арасында активтер бойынша 21-ші, депозиттер бойынша 20-шы және кредиттік портфель бойынша 16-шы орында.2025 жылдың қорытындысы бойынша банктің қаржылық нәтижесі 6,3 млрд теңгені құрады. Банктің қызметі капиталдандырудың жоғары деңгейімен және барлық пруденциялық нормативтердің сақталуымен сипатталады.
Сондай-ақ агенттікте жаңа банк исламдық қаржыландыруды «исламдық терезе» тетігі арқылы дамытуды жоспарлап отырғаны айтылды.