Бердібек Сапарбаев туралы жазба жариялаған келіні сынның астында қалды

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың келіні қайын атасы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОЛ НЕ АЙТТЫ?

Үш жыл...

Бүгін әкеміздің өмірден өткеніне тура үш жыл толды.

Осы уақыт ішінде сан түрлі күйді бастан өткердік. Бірақ қазір бір нәрсені ерекше терең түсінесің: адамды айтқан сөзінен гөрі, атқарған ісі арқылы таниды әрі еске алады.

Әкеміз өмірін елге қызмет етуге арнады. Оның игі істері мен еңбегі арада жылдар өтсе де адамдарға пайдасын тигізіп, мемлекет игілігіне қызмет етіп келеді.

Нағыз құндылықтың өзі де осы шығар — өмірден өтсең де, халықтың жүрегінде алғыс пен жылы естелік болып қалу.

Халқына адал қызмет еткен ардақты азамат, әкеміз Бердібек Сапарбаевтың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын, – деді ол.

Алайда, жазба авторы сынның астында қалды. 

ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

«Бұл видеоны жариялаған автордың әкесіне пікірлерде біраз сын айтылыпты. Әлде автор бүкіл Қазақстан халқы әкесін тек жақсы сөзбен еске алып, мақтайды деп ойлады ма? Бірақ шын мәнінде жұрттың бір бөлігі оны "Бордюрбек" деп атап кеткен еді”, “Халыққа емес, Назарбаевқа қызмет етті,”, «Ақтөбеде 50 жыл бойы тұрған қызыл гранит бордюрлерді алып тастап, орнына сапасы төмен қарапайым цемент бордюрлер қойылды. Ақтөбеде орманды аймақ кесіліп, жеке кәсіпкерлерге аттракциондар салуға берілді. Ақтөбедегі су арнасы бетонмен қапталып, соның салдарынан құрғап қалды. Рақмет, "Бордюрбек», – деп жазып жатыр желі қолданушылары.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ

Бердібек Сапрабаев еңбек жолында Қазақстанның бес облысын басқарды. «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Бұған дейін ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-министрдің орынбасары болған.

Ал Бердібек Сапрабаев еңбек жолын 1969 жылы Қызылорда облысындағы Задаринский кеңшарында жұмысшы болып бастады.