Иран АҚШ-пен меморандумға қол қоюды кейінге қалдырды

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Иран АҚШ-пен қақтығысты реттеу жөніндегі меморандумға 14 маусым күні қол қоймайды. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕГЕРАН ӘЗІРГЕ АСЫҚПАЙДЫ

Оның айтуынша, құжатқа қол қою алдағы күндері жүзеге асуы мүмкін. Алайда Тегеран келіссөздердің екінші тарапының ұстанымы тұрақсыз деп санап, асығыс шешім қабылдауға ниетті емес.

Келісім ең алдымен әскери қимылдарды тоқтатуға бағытталуы тиіс. Ал Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер алғашқы кезеңде талқыланбайды, – деді Эсмаил Бағаи.

КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРІП ЖАТЫР

Ирандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, келіссөзге қатысушылар құжатқа қол қою рәсімін АҚШ президенті Дональд Трамптың туған күнімен байланысты символдық шараға айналдырғысы келмейді. Сонымен қатар Иран билігі ұсынылған меморандумның саяси, құқықтық және техникалық тұстарын әлі де жан-жақты зерделеп жатыр.

Еске салсақ, АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісім туралы мәлімдемелер 11 маусымнан бері айтылып келеді. Сол кезде Дональд Трамп Иран нысандарына жоспарланған соққылардың тоқтатылғанын хабарлап, келіссөздердің оң нәтижеге жақындағанын мәлімдеген еді.

Кейінірек Иран тарапы меморандумның негізгі ережелері бойынша келісімге қол жеткізілгенін хабарлады.

Өз кезегінде келіссөздерге арағайындық жасап жүрген Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф бейбіт келісімнің соңғы мәтіні дайын екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, тараптар жақын уақытта соңғы келісімдерді аяқтап, құжатқа қол қоюы мүмкін.