Ұлыбританияда 2027 жылдан бастап 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.
СТАРМЕРДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
15 маусымда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл шаралар «әлемнің кез келген еліндегі ұқсас бастамалардан әлдеқайда тиімді болады».
Тыйым пайдаланушылардың өзара қарым-қатынасына арналған, әлеуметтік байланыс орнатуға мүмкіндік беретін және қолданушыларға түрлі материалдарды жариялауға жағдай жасайтын платформалар мен олардың алгоритмдерін қамтиды. Осылайша, балаларға Snapchat, TikTok, YouTube, Instagram, Facebook және X сияқты әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қойылады.
Ал WhatsApp және Signal сияқты мессенджерлерге шектеу қойылмайды.
– Бұл өзгерістер ата-аналарға интернет кеңістігіндегі балаларға төнетін қауіп-қатерлерді тиімді басқаруға көмектеседі және олардың жас ерекшелігіне сай қауіпсіз ортаны таңдауға мүмкіндік береді, – делінген Стармердің мәлімдемесінде.
Ұлыбритания үкіметі заң жобасын Рождество мерекесіне дейін парламент қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Ал жаңа қорғаныс шаралары 2027 жылдың көктемінде күшіне енеді деп күтілуде.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ
Былтыр желтоқсанында Австралия билігі 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды. Осылайша ол осындай заң қабылдаған әлемдегі алғашқы ел атанды. Биыл ақпанда Испания да дәл осындай шектеулер енгізді. Маусымнан бастап бұл топқа Малайзия да қосылды.
Ал Франция, Дания және Норвегия да балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды жоспарлап отыр.
Алайда кәмелет жасына толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қою мәселені толықтай шеше алмай отыр. Мәселен, Австралияның интернеттегі қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілі жүргізген сауалнамаға сәйкес, көптеген балалар шектеуді айналып өтудің жолын тапқан. Тыйым күшіне енгенге дейін әлеуметтік желіде аккаунттары болған 8-15 жас аралығындағы он баланың жетеуі өз аккаунттарын сақтап қалған.
Зерттеу деректеріне қарағанда, 16 жасқа толмаған әлеуметтік желі қолданушыларының саны төрт ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда азайғанымен, балалардың едәуір бөлігі әлі де әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастырып келеді. Бұл туралы наурыз айында жарияланған есепте айтылған.
Соған қарамастан, Австралия билігі жаңа ережелерді бұзғаны үшін әзірге бірде-бір компанияға айыппұл салмаған. Дегенмен Snapchat, TikTok, Facebook, Instagram және YouTube платформаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Ұлыбритания австралиялық тәжірибеден де қатаң шаралар енгізуді көздеп отыр. Ел билігі 16 жасқа дейінгі балалар үшін тікелей эфирлерді көруге және бейтаныс адамдармен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін функцияларды бұғаттауды жоспарлап отыр. Бұл шектеулер әлеуметтік желілермен қатар, түрлі онлайн-сервистерді, соның ішінде ойын платформаларын да қамтиды.
Үкіметтің пікірінше, бұл шаралар әлеуметтік желілерге толық тыйым салудан әлдеқайда ауқымды әрі тиімді модель болады. Өйткені ол балалардың интернетте қандай қауіптерге тап болатынын ескеріп, мәселенің туындау орнын ғана емес, оның себептері мен салдарын да қамтиды.
Ұлыбритания технологиялар министрі Лиз Кендалл ел билігі Австралия тәжірибесінен сабақ алып, балалардың қорғаныс тетіктерін айналып өтуін барынша қиындатуды көздейтінін мәлімдеді.