Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет Қазақстанда орташа жылдамдықты тіркейтін камералар қай жол учаскелеріне орнатылатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Оның сөзінше, жаңа жүйелер ең алдымен ақылы автожолдарға енгізіледі. Қазіргі таңда еліміздегі мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымды құрайды.
«Негізгі бағыттар – Қарағандыдан Алматыға дейінгі және Өскемен -Талдықорған бағыттары. Сондай-ақ Қорғастан Алматыға дейінгі учаскелерде де камераларды орнату жұмыстары жалғасады», – деді Баяхмет Үкіметтегі брифингте.
Ол орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу жол қауіпсіздігіне оң әсер еткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай камералар орнатылғаннан кейін жол-көлік оқиғаларының саны 15%-ға азайған.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов республикалық маңызы бар жолдардың 10 учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмыс істеп тұрғанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар тағы сегіз тасжолда камераларды іске қосу және баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.