Тергеу изоляторындағы Әмір Қасеновке жедел жәрдем шақырылды

Ulysmedia
Ulysmedia

Тергеу изоляторында аштық жариялаған ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің денсаулығы күрт нашарлап, оған жедел жәрдем шақырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы оның адвокаты Рена Керімова мәлімдеді.

– Жағдайы өте ауыр. Өздігінен жүре алмайды деуге де болады. Адвокатпен кездесуге тергеу изоляторы қызметкеріне сүйеніп келді. Өзін өте нашар сезінетінін айтып, жедел жәрдем шақыруды сұрады, – деп келтірді адвокаттың сөзін ҚазТАГ агенттігі.

Кейіннен журналистке жедел жәрдем бригадасы шақырылғаны белгілі болды.

Еске салайық, алдыңғы аптада сот Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны үйқамақтан тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарған еді. Осыдан кейін журналист аштық жариялады.

Соттың мәліметінше, бұл шешімге Қасеновтің үйқамақ талаптарын бұзғаны негіз болған. Атап айтқанда, оған бейнеүндеулер жариялау және алғашқы сот отырысына келмеу себеп ретінде көрсетілген.

Алайда журналистің адвокаты Сәлімжан Мусин сот отырысының күні аяқ асты өзгертілгенін айтты. Оның сөзінше, сол кезде Қасенов Астанада болғандықтан, ұшу уақытын өзгертіп, Алматыға дер кезінде жетуге мүмкіндігі болмаған.

Бұған дейін Әмір Қасенов өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істі кәсіби қызметімен байланыстыратынын мәлімдеген. Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

UPD: Алматы денсаулық сақтау басқармасы Әмір Қасеновтің жағдайына қатысты түсінік берді.

Ведомствоның мәліметінше, журналист зертханалық талдаулардан өтіп, құрсақ қуысы мен несеп шығару жүйесіне ультрадыбыстық зерттеу жасалған.

– Тексеру нәтижелерінің барлығы қалыпты. Науқастың жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Оны ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ. Науқасқа инфузиялық терапия жүргізілді. Ем-домнан кейін жағдайы жақсарып, әрі қарай амбулаториялық ем қабылдау үшін жіберілді, – деп мәлімдеді Алматы денсаулық сақтау басқармасы.