Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қайтадан тыйым салды. Тегеран мұндай шешімді Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған кезекті әуе шабуылдарынан кейін қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Mehr агенттігінің мәліметінше, Иран билігі Израильдің әрекетін 17 маусымда АҚШ пен Иран арасында қол қойылған меморандумның бірінші тармағын бұзды деп есептейді. Құжат бойынша, Ливанды қоса алғанда барлық бағыттағы әскери іс-қимыл тоқтатылуға тиіс еді.
Иранның әскери басшылығы Израиль шабуылдарын тоқтатпаса, бұдан да қатаң шаралар қабылданатынын ескертті.
– Агрессия жалғаса берсе, қарсы тарапты өз міндеттемелерін орындауға мәжбүрлейтін өзге де шаралар қабылданады, – делінген ресми мәлімдемеде.
ЛИВАНДАҒЫ АХУАЛ
Израиль мен "Хезболла" қозғалысы арасында жарияланған бітімге қарамастан, 20 маусымда Ливанның оңтүстігінде әуе шабуылдары қайта жалғасты.
Ливанның NNA агенттігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан кемінде 10 адам қаза тапқан.
Израиль әскері шабуылдардың "Хезболланың" зымырандық шабуылына жауап ретінде жасалғанын мәлімдеді. ЦАХАЛ ақпараты бойынша, түнде Ливан аумағынан Израильдің оңтүстігіндегі позицияларына 50-ден астам зымыран мен снаряд атылған. Осыдан кейін Израиль әскері "Хезболлаға" тиесілі нысандарға әуе соққыларын жасаған.
Алайда "Хезболла" бұл шабуылдарға қатысы бар екенін растаған жоқ.
ОРМУЗ БҰҒАЗЫНЫҢ МАҢЫЗЫ
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай саудасындағы ең маңызды теңіз дәліздерінің бірі. Ол арқылы күн сайын жаһандық энергетикалық ресурстар экспортының елеулі бөлігі тасымалданады.
Сарапшылардың бағалауынша, АҚШ пен Иран арасындағы келісім күшіне енген үш күн ішінде бұғаз арқылы 60-80 кеме өткен. Ал қалыпты жағдайда тәулігіне шамамен 100 кеме қатынайды.
Ормуз бұғазының қайта жабылуына қарамастан, Германия аймақта минадан тазарту операциясына дайындықты жалғастырып жатыр. Fulda мина тральщигі мен Mosel жабдықтау кемесі Ұлыбританияның Lime Bay десанттық кемесінің сүйемелдеуімен өңірге бет алған.
Еске салайық, АҚШ пен Иран арасындағы әскери іс-қимылды тоқтату туралы меморандумға 17 маусымда Францияда өткен G7 саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан қол қойған.