Вашингтон мен Тегеран келіссөздерді қайта бастауға ниетті

Сырым Қаржас
Global Look Press

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздер 21 маусымда Швейцарияда өтуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оның айтуынша, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен америкалық келіссөз жүргізуші Джаред Кушнер келіссөз өтетін жерге жеткен. Вэнс алдағы екі тәуліктің ішінде кездесуге өзі де қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Ол Fox News арнасына берген сұхбатында мұндай келіссөздерді ұйымдастыру барлық дипломатиялық рәсімді сақтауды және тараптардың мұқият үйлестіруін талап ететінін айтты.

ИРАН ДА ӨЗ ДЕЛЕГАЦИЯСЫН ЖІБЕРДІ

Тегеран билігі де келіссөздерге дайындалып жатқанын растап, өз делегациясының Швейцарияға аттанғанын хабарлады.

Иран делегациясын сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастап барды. Құрамына сондай-ақ парламент спикері Мұхаммад Бағер Ғалибаф, ұлттық қауіпсіздік кеңесінің, орталық банктің, сыртқы істер министрлігі мен мұнай министрлігінің өкілдері енген.

Иран сыртқы істер министрлігі келіссөз барысында АҚШ-тан бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды орындауды талап ететінін мәлімдеді.

КЕЛІССӨЗ АЛАҢЫ – БЮРГЕНШТОК

Пәкістан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, АҚШ және Иран тарапының техникалық консультациялары Швейцариядағы Бюргеншток елді мекенінде өтпек. Сондай-ақ келіссөздерге Қатар мен Пәкістан өкілдерінің де қатысады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қос тараптың кездесуі алғашында 19 маусымға жоспарланған еді. Алайда Джей Ди Вэнстің сапарының тоқтатылуына байланысты келіссөздер өтпей қалды. Енді тараптар Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған дипломатиялық байланыстар аясында келіссөздерді қайта жалғастыруға ниетті.