Қазақстанда жасырын жанармай бактары бар көліктер көбейген

Сырым Қаржас
Ішкі істер министрлігі

Қазақстанның шекара маңындағы өңірлерінде полицейлер жанармайды шетелге заңсыз шығаруға пайдаланылған, конструкциясы өзгертілген көліктерді жаппай анықтап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мұндай көліктердің ең көбі Жамбыл облысында тіркелген. Мысалы, Қордай ауданында полиция қызметкерлері конструкциясы өзгертілген автобусты тоқтатқан. Тексеру барысында оның ішінен әрқайсысының сыйымдылығы 600 литр болатын жасырын қосымша жанармай бактары табылды.

ІІМ мәліметінше, кейінгі екі айдың ішінде 17 тоннаға жуық жанар-жағармай материалын заңсыз шетелге шығарудың жолы кесілген. Осы уақыт аралығында бензобактары заңсыз қайта жабдықталған 87 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

АВТОСЕРВИСТЕР ДЕ ТЕКСЕРІЛІП ЖАТЫР

Полиция көліктерді заңсыз қайта жабдықтауы мүмкін техникалық қызмет көрсету станцияларын да тексеріп жатыр. Рейд қорытындысы бойынша алты автосервис иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 20 маусымда премьер-министр Олжас Бектенов ел ішінде жанармай тапшылығына жол бермеу үшін мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырған еді.