АҚШ пен Иран келісімге келуге тырысып жатыр: Швейцарияда келіссөздер басталды

Сырым Қаржас
Reuters

Швейцарияда АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі басталды. Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты тараптар шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеу мүмкіндіктерін талқыламақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КІМДЕР ҚАТЫСЫП ЖАТЫР?

АҚШ делегациясын елдің вице-президенті Джей Ди Вэнс бастап барды. Онымен бірге арнайы өкіл Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер келіссөздерге қатысып жатыр.

Иран атынан парламент төрағасы Мұхаммад Бағер Ғалибаф, сыртқы істер министрі Аббас Арағчи, сондай-ақ елдің Орталық банкі, күштік құрылымдары мен мұнай саласының өкілдері барған.

Кездесуге Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф пен ел армиясының қолбасшысы Асим Мунир де жеткен. Исламабад – Вашингтон мен Тегеран арасындағы диалогтағы негізгі арағайынның бірі.

Тараптардың кездесуі Швейцарияның Бюргеншток курортында өтіп жатыр. Келіссөздер әуеліде 19 маусымға жоспарланған еді, алайда Израильдің Ливанға жасаған жаңа соққыларынан кейін кейінге шегерілді.

Бұған дейін АҚШ пен Иран 60 күндік келіссөз кезеңін өткізуге келіскен. Алайда өңірдегі ахуал әлі де күрделі.

Келіссөздермен қатар, Ормуз бұғазындағы жағдай да алаңдаушылық туғызып отыр. Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Израильдің Ливандағы әскери операцияларына жауап ретінде бұғазды жабатынын мәлімдеген. Алайда АҚШ билігі Ормуз арқылы коммерциялық кемелердің қозғалысы қалыпты режимде жалғасып жатқанын хабарлады.

ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНАДЫ?

Келіссөздің негізгі тақырыптары – Иранның ядролық бағдарламасы, Ливандағы әскери қимылдарды тоқтату және төрт айға жуық уақытқа созылған соғысты тоқтатуға бағытталған уақытша келісімнің шарттары.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс сапар алдында келіссөздерден нақты нәтиже күтетінін айтып, олардың бірнеше күнге созылуы мүмкін екенін жеткізді.

Ал Тегеран Вашингтоннан бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық орындауды талап ететінін мәлімдеді.