Журналист Лұқпан Ахмедияров Орал қаласында көлігіне міндетті сақтандыру полисінің болмауына байланысты тоқтатылды. Осыдан кейін ол медициналық куәландырудан өтуге жіберілгені туралы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті Ulysmedia.kz басылымына хабарлаған.
БҚО Полиция департаментінің түсіндірмесі
БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 22 маусым күні патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқару барысында Volkswagen автокөлігін тоқтатқан.
– Тексеру кезінде көлік иесі болып табылмайтын жүргізушінің міндетті сақтандыру полисі жоқ екені анықталды. Осы құқық бұзушылық үшін азамат Ахмедияров әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жүргізушінің сыртқы белгілері полиция қызметкерлерінде күдік туғызғандықтан, ол медициналық куәландырудан өтуге жіберілді, – деп хабарлады департамент редакцияға.
Контекст
Бұған дейін бірнеше сағат бұрын журналистің ұсталғаны туралы «Просто журналистика» YouTube арнасының продюсері Рауль Упоров мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Лұқпан Ахмедияров өзі қоңырау шалып, полиция қызметкерлері оған Ресей ІІМ желісі бойынша халықаралық іздеуде жүргені туралы айтқанын жеткізген.
Сондай-ақ, Упоровтың сөзінше, Ахмедияровқа 2025 жылғы 25 желтоқсанда Мәскеу облысының ІІМ тарапынан қозғалған қандай да бір қылмыстық іс туралы хабарланған.
Алайда БҚО Полиция департаментінің ресми түсіндірмесінде Ресей ІІМ желісі бойынша іздеуде жүргені туралы ешқандай мәлімет айтылмаған.