Францияда аптап ыстықтан екі бала көз жұмды

Ulysmedia
Фото: Анадолы

Францияда маусым айы үшін бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тіркелді. AFP агенттігінің хабарлауынша, 22 маусым күні таңертең ел бойынша орташа ауа температурасы 29,2 градусқа жеткен. Бұл көрсеткіш күндізгі және түнгі температураның орташа мәні негізінде анықталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Мамандар бұл деңгейді маусым айындағы рекорд деп отыр. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш 2025 жылғы 30 маусымда тіркелген болатын.

Өткен аптада Францияда қатты ыстық толқыны байқалды. 22 маусым күні елдің жартысынан астам аумағында қызыл деңгейдегі ескерту жарияланып, тұрғындарға жоғары температураның қаупі туралы хабарланды. Кей өңірлерде термометр бағаны 40 градустан асты, ал Ренн, Бордо және Анже қалаларында жергілікті рекордт жаңарды.

Аптап ыстық салдарынан қайғылы оқиғалар да тіркелді. Францияның оңтүстік-шығысындағы Карпантра қаласында 22 маусым күні екі және төрт жасар балалар көлікте өлі күйінде табылған. Тергеу олардың өліміне жоғары температура себеп болуы мүмкін деп болжап отыр. Сонымен қатар, демалыс күндері тағы бірнеше адам ыстықтан көз жұмғаны, сондай-ақ су айдындарында оннан астам адам қаза тапқаны хабарланды.

Германияда да демалыс күндері бес адамның суға кету оқиғасы тіркелген.

Еуропадағы аптап ыстық білім беру саласына да әсер етті. Францияда 1300-ден астам мектеп сабақтарын тоқтатса, 4 мыңнан астамы оқу уақытын қысқартты. Германияда да осындай шектеулер енгізілді.

Бельгияда жоғары температураға байланысты кейбір пойыз рейстері уақытша тоқтатылды. Нидерланды мен Ұлыбританияда да ауа температурасының 37–40 градусқа дейін көтерілуі күтілуде. Ұлыбританияда қауіпті деңгейдегі ескерту жарияланған.

Германияның оңтүстігі мен Испанияда да аптап ыстық сақталып, тұрғындарға үйден шықпау және жылу бөлетін құрылғыларды барынша аз қолдану ұсынылды.