АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге келгеніне қарамастан, Ормуз бұғазында мыңнан астам сауда кемесі бұғатталып тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Германияның Allianz сақтандыру компаниясының дерегінше, АҚШ пен Иран арасында әскери іс-қимылдарды тоқтату жөнінде келісім жасалғанына қарамастан, Парсы шығанағында шамамен 1150 кеме әлі де Ормуз бұғазынан өте алмай қаңтарылып тұр.
Бұғатталған кемелер мен оларға тиелген жүктерінің жалпы құны шамамен 125 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Бұл туралы Deutsche Presse-Agentur хабарлады.
Сарапшылардың пікірінше, аймақтағы әскери шиеленістің бәсеңдеуіне қарамастан, кеме қатынасы мен логистикатолық қалпына келген жоқ. Кеме иелері мен сақтандыру компаниялары қауіпсіздік тәуекелдерін әлі де жоғары деп бағалап отыр, сондықтан көптеген кемелер Парсы шығанағынан шығуға немесе оған кіруге қауіппен қарайды.
– Кеме қатынасы бұл қақтығыстың кепіліне айналды, – деді Allianz Commercial компаниясының теңіз сақтандыруы жөніндегі аға сарапшысы Юстус Хайнрих.
Allianz мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары басталғанға дейін Ормуз бұғазыарқылы тәулігіне шамамен 140 кеме өтіп отырған.
Бірақ қазір теңіздегі жағдайға қатысты белгісіздік әлі де сақталып отыр. Жағдай толық айқындалмайынша, кеме қатынасы бұрынғы қалыпқа түспейді.
– Тіпті ахуал тұрақтанған жағдайда да, Ормуз бұғазында тұрып қалған барлық кеменің өтуіне бірнеше апта қажет болатыны сөзсіз», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Қызыл теңіз бен Суэц каналы арқылы өтетін кеме қатынасы да күрделі күйінде қалып отыр.
Юстус Хайнрихтің айтуынша, қазіргі уақытта Суэц каналы арқылы өтетін кемелер саны бұрынғы деңгейменсалыстырғанда шамамен 80 пайызға азайған.
Иран қолдау көрсететін Йемен Хуситтері 2023 жылдың күзінде Израильдің Газа секторындағы әскери операциясы басталғаннан бері осы бағыттағы халықаралық кеме қатынасына қауіп төндіріп келеді.
Соның салдарынан көптеген кеме тасымалдау компаниялары өз кемелерін Африканы айналып өтетін балама бағыттарға жіберуге мәжбүр. Маршруттың ұзақтығы тасымал құнын арттырады әрі жеткізу мерзімін созады.