Танымал әнші Энрике Иглесиас Қазақстандағы концерттері алдында қазақ жанкүйерлерін қуантты. Польшадағы концерті кезінде қазақстандықтар оған отандық шоколадты сыйға тартқан. Әнші сыйлыққа риза болып, қазақ тілінде «Алға, Қазақстан!» деп қазақстандық жанкүйерлеріне сәлем жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл оқиға Польшаның Гданьск қаласында өткен концерт алдында болған. Әлемдік тур аясындағы шоуға шамамен 40 мың адам жиналған.
Энрике Иглесиас биыл Қазақстанда екі концерт береді. Ол 3 қыркүйекте Астанада, 5 қыркүйекте Алматыда өнер көрсетеді. Концертте әншінің Bailando, Hero, Escape, Tonight және Súbeme La Radio сияқты танымал әндері шырқалады.
Энрикенің концерттері ерекше атмосферасымен танымал. Ол көбіне бағдарламаға өзгерістер енгізіп, көрермендердің көңіл-күйіне қарай әндер таңдайды. Сондай-ақ жанкүйерлермен сөйлесіп, олардың сыйлықтары мен гүлдерін қабылдап, концертті барынша әсерлі өткізуге тырысады.
Сондықтан Астана мен Алматыдағы концерттер әншінің шығармашылығын жақсы көретін тыңдармандар үшін ерекше оқиға болмақ.
Билеттер Freedom SuperApp және Ticketon.kz платформаларында сатылымда.