25 маусымынан бастап Алматының Алмалы ауданындағы бірқатар көшелерде көлік қозғалысының сызбасы пилоттық режимде өзгереді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қала әкімдігініің хабарлауынша, Алматының Алмалы ауданында 25 маусымнан бастап бірнеше көшеде біржақты қозғалыс енгізіледі.
Жаңа қозғалыс сызбасы бойынша:
Прокофьев көшесінде Абай даңғылынан Кіші Абай көшесіне дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта;
Кіші Абай көшесінде Прокофьев көшесінен Брусиловский көшесіне дейін шығыс бағытта;
Түркебаев көшесінде Сәтбаев көшесінен Төле би көшесіне дейін солтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылады.
Әкімдік мәліметінше, шешім әкімшілік полициямен бірлесіп қабылданған. Өзгерістер көлік жүктемесін азайтуға, көшелердің өткізу қабілетін арттыруға және жолдағы келіспеушілік пен апат қаупін төмендетуге бағытталған.
Жаңа схема тұрғындардың өтініштері мен көлік қозғалысына жүргізілген талдау нәтижелері негізінде енгізіліп отыр. Біржақты қозғалыс пилоттық режимде жұмыс істейді, ал оның тиімділігі мониторинг нәтижесі бойынша бағаланады.
Контекст
Бұған дейін, 20 мамырда Алматыда 10-нан астам көшеде біржақты қозғалыс енгізу жоспарланғаны хабарланған еді. Сарапшылардың бағалауынша, мұндай өзгеріс көлік өткізу қабілетін 20–25 пайызға арттыруы мүмкін.
23 мамырдан бастап қалада тағы бірнеше көшеде біржақты қозғалыс енгізілді. Атап айтқанда, Уәлиханов көшесінде Қабанбай батырдан Қазыбек би көшесіне дейін солтүстік бағытта, ал Жукова және Манаева көшелерінде Затаевичтен Ахмедияров көшесіне дейін сәйкесінше оңтүстік және солтүстік бағытта қозғалыс өзгертілген.
18 маусымнан бастап Медеу ауданында да бірқатар көшелерде біржақты қозғалыс енгізілді. Сонымен қатар, Әуезов ауданындағы Атамекен шағынауданында да кейбір учаскелерде мұндай режим қолданыста.