Әлеуметтік желіде Қазақстанға көшіп келе жатқан Қырым тұрғынымен пойызда болған әңгіме жарияланды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Жазба авторының айтуынша, ол пойызда 41 жастағы Симферополь тұрғынымен бір купеде жол жүрген.
«Үйімнің жанына дрон түсіп, лавкада отырған бес жасөспірімнің төртеуі көз жұмды. Содан кейін қызымды алып кетуге шешім қабылдадым», – деген әйелдің сөзін автор келтіреді.
Оның айтуынша, Риддердегі туыстары «Бәрін таста, қызыңмен келсең болды» деп шақырған. Әйел Қазақстан азаматтығын алуға да ниетті екенін жеткізген.
Әңгіме барысында автор одан Ресей мен Украина арасындағы соғысқа көзқарасын сұраған.
«Соғысқа көзқарасың қандай?» деген сұраққа әйел «Екі жақ та өзінше дұрыс. Правда где-то посередине» деп жауап бергені айтылады.
Автор қазақстандықтардың кімді қолдайтынын жеткізген.
«Біз сендерді оккупант деп есептейміз. Украинаға жеңіс тілейміз», – деп жауап бергенін жазады.
Сондай-ақ әйел анасының жолға шығар алдында айтқан сөзін жеткізген.
«Шешем "Қырым татарлары бізді жек көреді, қазақтар одан да жек көреді" деді. Рас па?» – деп сұраған.
Жазба авторы кейбір адамдардың қазақтардың кеңпейілдігін дұрыс түсінбейтіндерін жеткізген.
«Орыстар келгенде үндемей жүріп, қазақтардың кеңпейілдігін әлсіздік деп қабылдайды. Кейін өздеріне бәрі міндетті сияқты талап қоя бастайды. Сондықтан, әрине, жек көреміз», – дегенін жазған.
Пойыздағы әйел өзінше ақталуға тырысқан.
«Жоқ, жоқ, мен ондай емеспін», – деп жауап берген.
Жазба авторының мәліметінше, әйелдің ата-анасы Қырымда қалған. Кеткілері келмеген. Ал соғыстан қашқан әйел Астанада Ресей консулдығына соғатынын, кейін Риддерге жол тартатынын айтқан.